«PROFI DAY» мамандықтар көрмесі өтті
Астанадағы Ілияс Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназиясында «PROFI DAY» атты мамандықтар көрмесі өтті. Бес жүзге жуық баланы қамтыған көрме оқушыларға саналы түрде таңдау жасауға мүмкіндік берді. Көрме барысында оқушылар әртүрлі сала өкілдерімен байланысқа түсіп, нақты еңбек процесімен танысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

— «PROFI DAY» ерекшелігі – бұл жай ғана кездесу емес, практикалық форматтағы интерактивті көрме. Іс-шара аясында 10 түрлі бағыт бойынша арнайы бұрыштар ұйымдастырылды. Әр бұрышта ата-аналар өз мамандығын таныстырып қана қоймай, оқушыларға шағын тапсырмалар орындатып, сол саланың нақты жұмыс процесін көрсетті. Көрмеде ұсынылатын негізгі бағыттар: аспаздық және сервис, құрылыс және сәулет, стоматология, IT және бағдарламалау, медиа және контент жасау, қауіпсіздік қызметі, туризм, автосервис, сұлулық индустриясы, тігін және дизайн, сондай-ақ медициналық көмек бағыттары бойынша өтті, -деді Ілияс Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназиясының директоры Ақмоншақ Нұртазақызы.

Іс-шараның басты ерекшелігі – қатысушы мамандардың басым бөлігі мектеп оқушыларының ата-аналары болып табылады. Бұл өз кезегінде ата-аналардың кәсіби тәжірибесін балалармен бөлісуге, отбасылық байланыс пен сенімді арттыруға, мектеп пен ата-ана арасындағы серіктестікті нығайтуға үлкен мүмкіндік береді.

«PROFI DAY» – бұл оқушыларға “маған не ұнайды?” деген сұраққа жауап табуға көмектесетін, олардың кәсіби өзін-өзі анықтауына бағытталған маңызды алаң болды.



