«Ерлік елге мұра» іс-шарасы өтті
ҚР Президенттік орталығында Жеңіс күнін мерекелеу қарсаңында «Ерлік елге мұра» іс-шарасы өтті. Салтанатты жиынды орталық қызметкерлерімен бірлесе отырып, Ғ. Орманов атындағы №7 мектеп-гимназияның оқушылары ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара өскелең ұрпақтың бойында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтардың ерлік істерінен үлгі алып, оқушыларды отансүйгіштікке баулуға бағытталды.
Оқушылар шығармашылық өлеңдерге толықтырылған әдеби-музыкалық қойылымдар дайындады. Сонымен қатар аты аңызға айналған батырларымыз – Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Талғат Бегелдинов, Рахымжан Қошқарбаев және Сағадат Нұрмағамбетовтің ерлігін сахнада сомдады. Ыстық ұясымен қоштасу, майдандағы қиындықтар туралы сахналық қойылымдар ешкімді де бей-жай қалдырмады.
Іс-шарада ақын Жамбыл Жабаев пен осы мектеп-гимназияға аты берілген Ғали Ормановтың арасындағы рухани байланыс та атап өтілді. Жаумен соғыста халықты жігерлендірген, рух берген «Ленинградтық өрендерім!» әнінің сөзін жазған Ж. Жабаевтың 180 жыл толуына орай өлеңдері оқылды. 1939-1945 жылдар аралығында Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы қызметін атқарған Ғ. Ормановтың еңбегінің нәтижесінде ұлы ақынның көптеген шығармалары бүгінгі күнге жеткені аталды.
«Іс-шара мақсаты – тарих фактілерін еске алу ғана емес, Жеңістің қиындығы мен қуанышын балалардың жүрегіне жеткізе білу. Әрбір оқушы бүгінгі ашық аспан – ата-бабаларымыз қалдырған аманат екенін түсінуі қажет» — дейді тарих пәнінің мұғалімі А. Шекеров.



