Танымдық экскурсия

Асқар Забикулин атындағы №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде ашық есік күні өтті. Іс-шара 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында жасөспірімдерге арналған танымдық экскурсия форматында өтті. Оған елордадағы №71 мектептің 5-сыныбында білім алатын, жуырда ғана «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының қатарына қабылданған оқушылар қатысты.
«Жас сарбаз» әскери патриоттық қозғалысының Астана қаласы бойынша төрағасы Айдархан Маханбеттің айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдердің бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырып, әскери және құтқару қызметтеріне қызығушылығын арттыру.
Экскурсия барысында оқушыларға төтенше жағдайлар мен өрт кезінде алғашқы кезекте жасалатын іс-әрекеттер түсіндірілді. Балалар өрт сөндірушілердің күнделікті қызметімен танысып, арнайы техникаларды, демалыс және тамақтану орындарын аралап көрді. Сондай-ақ мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, сала бойынша білім алуға мүмкіндік беретін жоғары оқу орындары туралы ақпарат алды.
2025-2026 оқу жылы ішінде Астана қаласы бойынша «Жас сарбаз» қозғалысының қатарына 2 мыңға жуық оқушы қабылданды. Қазіргі таңда олар қаладағы барлық орта білім беру ұйымдарында 5-11-сынып аралығында білім алып жүр.



