ӘлеуметБасты ақпарат

Мемлекеттік сатып алу – маңызды жүйе

Қазақстандағы мемлекеттік сатып алу жүйесі – экономиканың маңызды тірегінің бірі. Соған қарамастан құқықтық даулар ең жиі туындайтын салаға жатады. Мемлекеттік сатып алу кезінде қандай келіспеушіліктер бар? Дау неден туындайды? Осы сауалдарға жауап іздеген едік.

Кассациялық сот судьясы Мақсат Қасымовтың айтуынша, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң аталған саладағы даулар санын қысқартуға бағытталғанымен, тәжірибе жүзінде олардың деңгейі әлі де жоғары. Бұл саладағы құқықтық даулар, ең алдымен, бюджет қаражатының көлемімен, қатысушылар арасындағы жоғары бәсекемен және рәсімдердің күрделілігімен тікелей байланысты.

«Сот тәжірибесінде жүргізілген талдау көрсеткендей, даулардың негізгі бөлігі жеткізушілердің конкурс қорытындыларымен келіспеуінен туындайды. Әсіресе, өтінімдердің негізсіз қабылданбауы, конкурс комиссияларының балды есептеу тәртібімен байланыс­ты келіспеушіліктер, жұмыс тәжірибесін растау мәселелері және конкурс құжаттамасында белгіленген талаптардың сипаты жиі дау тудырады. Мұндай жағдайларда жеткізушілер өз құқығын қорғау мақсатында сотқа жүгінуге мәжбүр» дейді Мақсат Аманбекұлы.

Сонымен қатар тапсырыс берушілер тарапынан да заң талаптарын сақтамау фактілері аз емес. Көп жағдайда өтінімдерді бағалау кезінде формалды тәсіл қолданылатыны белгілі. Қатысушылардың ұсыныс­тары жан-жақты зерделенбейді. Кейбір жағдайларда конкурс талаптары заңнамаға сәйкес келмейтіндей етіп белгіленеді немесе рәсім нормалары толық сақталмайды. Бұл өз кезегінде қабылданған шешімдердің заңдылығына күмән келтіріп, тағы да сот дауларын туындатады.

«Соңғы жылдары соттардың ұстанымы айтарлықтай өзгеріп келеді. Егер бұрын формалды негіздерге сүйену жеткілікті деп есептелсе, қазіргі таңда соттар әрбір шешімнің нақты әрі дәлелді болуын талап етеді. Атап айтқанда, «талаптарға сәйкес келмейді» деген жалпылама тұжырым жеткіліксіз, мұндай шешімдердің нақты себептері көрсетіліп, анықталған бұзушылықтардың сатып алу нәтижесіне қалай әсер еткені дәлелденуі тиіс. Бұл тәсіл мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығын арттырып, конкурс комиссия­ларының жауапкершілігін күшейтуге ықпал етуде» дейді судья.

Жалпы сот тәжірибесінде талап қоюшылардың пайдасына шешімдер көбіне өтінімдерді негізсіз қабылдамау, бәсекені шектейтін талаптарды белгілеу, нақты бір жеткізушіге бағытталған техникалық сипаттамаларды енгізу, рәсімдік қателіктерге жол беру және ұсыныстарды дұрыс бағаламау жағдайларында қабылданады екен. Тіпті елеусіз көрінетін бұзушылықтардың өзі конкурс қорытындыларын жарамсыз деп тануға жеткілікті негіз болуы мүмкін.

Мақсат Қасымовтың айтуынша, даулардың елеулі бөлігі жұмыс тәжірибесін растау мәселесіне қатысты. Жеткізушілер тарапынан күмәнді құжаттарды ұсыну, қызметкерлерді формалды түрде жұмысқа рәсімдеу немесе рейтинг көрсеткішін жасанды түрде арттыру әрекеттері кездесіп жатады. Сонымен бірге тапсырыс берушілер мұндай мәліметтердің дұрыстығын әрдайым тиісті деңгейде тексермейді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің адалдығына күмән келтіріп, сот дауының көбеюіне әкеледі.

Аталмыш салада жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізу мәселесі де ерекше назар аударуды талап етеді. Бұл – жеткізушіні 2 жылға дейін мемлекеттік сатып алуға қатысу құқығынан айыратын қатаң құқықтық шара. Мұндай істерді қарау барысында соттар жеткізуші кінәсінің бар-жоғын жан-жақты зерттеп, әрбір мән-жайды мұқият бағалайды. Бұл санаттағы істерде формалды негіздер жеткіліксіз, шешім қабылдау үшін нақты дәлелдер мен құқықтық негіздеме қажет.

Жалпы алғанда, қалыптас­қан сот тәжірибесі мемлекеттік сатып алу жүйесінің біртіндеп ашық әрі әділ бола бастағанын көрсетеді. Дегенмен формалды тәсілдердің сақталуы, тапсырыс берушілер тарапынан жіберілетін қателіктер және жеткізушілердің жосықсыз әрекеттері сияқты мәселелер әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Осыған байланысты мемлекеттік сатып алу саласында табысқа жетудің басты шарты ретінде заң талаптарын қатаң сақтау, рәсімдердің айқындығын қамтамасыз ету және барлық қатысушының жауапкершілігін арттыру мәселесі әлі күнге дейін өзекті болып қалмақ.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button