Басты ақпаратЕл тынысыҚоғам

Ғарышқа жол Қазақстаннан басталған

12 сәуір – адам баласы ғарышқа самғаған күн. Осыдан тура 65 жыл бұрын қазақ сахарасындағы Байқоңыр ғарыш айлағынан Юрий Гагарин жұлдыздарға жол салды. Биыл қазақ перзентінің ғарышты бағындырғанына да 35 жыл толады. Тәуелсіздік таңының атуына екі ай уақыт қалғанда қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа самғады. Осы жылы ғарыш туризміне де ширек ғасыр толмақ.

 Осыған орай елордадағы Президенттік орталықта «Кеттік! 65 жыл бұрын…» атты архивтік-иллюстрациялық көрме ашылды. Оның мақсаты – адамзаттың ғарышқа алғаш ұшуынан бастап Қазақстанның қазіргі заманғы ғарыш саласының қалыптасуы мен дамуына дейінгі тарихи сабақтас­тықты көрсету, сондай-ақ еліміздің жетістіктеріндегі ғарыш рөлін айқындау. Бұл көрме Қазақстанның ғарыш мұрасын насихаттауға және саланың инновациялық дамуының үлгісі ретінде коммерциялық ғарыш туризмінің 25 жылдығын танытуға бағытталған.

«12 сәуірде бүкіл адамзат тарихи маңызы зор айтулы күн – адамның ғарышқа алғаш ұшқанына 65 жыл толуын атап өтеді. Бұл күн Қазақстан үшін ерекше мәнге ие. Өйткені дәл осы қазақ жерінен адамзат өркениетінің ғарыш дәуірі басталды. Юрий Гагариннің ғарышқа ұшуы ғылыми-техникалық прогрестің ұлы символына айналып, адам мүмкіндіктерінің шексіздігін танытқан теңдессіз серпіліс болды. Ғарыш саласы үшін мерей­тойлық бұл жылдың еліміздің тәуелсіздігінің 35 жылдығымен тұспа-тұс келуі де терең символдық мәнге ие. 1991 жылы Қазақстан егемендігінің символдық бастауы Тоқтар Әубәкіров­тің ғарышқа ұшуымен астасып жатыр. Аталған тарихи оқиғаның 35 жылдығымен қатар, биыл біз оның 80 жылдық мерейтойын да атап өтеміз. Сондай-ақ биыл тағы бір даңқты қазақстандық ғарышкер Талғат Мұсабаевтың 75 жылдығы аталып өтер еді» деді Президенттік орталық директоры Бақытжан Темірболат.

Екі бөлімнен тұратын аталмыш көрмеге 30-ға жуық музейлік жәдігер мен 60-тан астам архивтік материал қойылған. Оның алғашқысы «Шексіз ғарышқа алғашқы қадам» аталады. Бұл бөлімде Юрий Гагарин ғарышқа алғашқы ұшуының тарихи маңызы көрсетіліп, адамзаттың ғарышты игеруіндегі жаңа дәуірдің басталғаны баян­далады. Ал «Қазақстан және ғарыш» атты екінші бөлімде Қазақстан Республикасының ғарыш саласының дамуы туралы материалдар ұсынылған. Негізгі назар қазақстандық ғарышкерлердің жетістіктеріне аударылған. Мұнда Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов және алғашқы ғарыш туристі Деннис Тито ұшуы туралы да айтылады.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздікті алмай тұрып-ақ өзінің ғарыш саласын дамытуды қолға алды. 1991 жылғы 2 қазанда ғарышқа тұңғыш қазақ ғарышкері – Кеңес Одағының Батыры, КСРО-ның еңбек сіңірген сынақшы-ұшқышы, КСРО және Қазақстан Рес­публикасының ұшқыш-ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров ұшты. Ол 1991 жылғы 2-10 қазан аралығында «Мир» орбиталық кешеніне сапар экспедициясы құрамында ғарышта болды.

1994-2001 жылдар аралығында қазақстандық ғарышкер Талғат Мұсабаев үш мәрте ғарышқа ұшты. Ол бір ұшу барысында ашық ғарышта бір тәуліктен астам уақыт өткізіп, Гиннестің рекордтар кітабына енді. 2001 жылғы 28 сәуірде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылған «Союз ТМ-32» ғарыш кемесінің экипажын Талғат Мұсабаев басқарып, құрамында алғашқы ғарыш турис­ті ­америкалық миллионер Деннис Тито болды.

Айдын Айымбетов – үшінші қазақстандық ғарышкер. Ол 2015 жылғы 2 қыркүйекте Халықаралық ғарыш станциясына ЭП-18 экспедициясының бортинженері ретінде ұшып, ғарышта шамамен 10 күн болды.

2006 жылғы 18 маусымда «Байқоңыр» ғарыш айлағынан Қазақстанның алғашқы геостационарлық «KazSat-1» байланыс спутнигі ұшырылып, елде дербес спутниктік байланыс дәуірінің басталуына жол ашты. 2007 жылғы 27 нау­рызда Қазақстан Республикасының Ұлттық ғарыш агенттігі – «Қазғарыш» ресми түрде құрылды.

Қазақстанның шөлейтті даласында орналасқан Байқоңыр – ғарыш дәуірінің бесігі және әлемдегі ең ірі әрі белсенді ғарыш айлақтарының бірі. Ол 1955 жылы салынған. Дәл осы Байқоңырдан Жердің алғашқы жасанды серігі мен алғашқы басқарылатын ғарыш кемесі ұшырылды.

Бүгінде ғарыштық технологиялар өмірдің барлық саласына енді. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығынан бастап медицина мен білім беруге дейін, көлік пен энергетикадан байланысқа дейін барлық жерде ғарыш жетістіктері кеңінен қолданылуда. Қазіргі таңда 40-тан астам мемлекет ғарыш аппараттарын дербес жасап, ұшырады, ал ғарыш қызметінің игілігін 130-дан астам ел пайдаланып отыр.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button