Көрнекті ғалым Ғарифолла Әнестің ғылыми еңбектерінің тұсаукесері өтті
Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханада көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнестің ғылыми еңбектерінің тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шараны Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, «Арыс» баспасы және Ұлттық академиялық кітапхана бірлесіп ұйымдастырды.
«Ғылым. Қоғам. Кітап әлемі» тақырыбымен өткен жиын қазақ руханиятына, алаштану мен мәтінтану саласына, сондай-ақ ұлттық мұраны жүйелеу және ғылыми айналымға енгізу ісіне елеулі үлес қосқан тұлғаның еңбегін кеңінен танытуға арналды. Оның барысында Ғарифолла Қабдолқайырұлының шығармашылығы мен ғылыми мұрасына арналған бейнебаян көрсетіліп, ғалым еңбектерінің таныстырылымы мен ғылыми басылымдардың тұсаукесері өтті. Салтанатты жиынды Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов жүргізді. Жиында ҚР Президентінің кеңесшісі, ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Омаров кіріспе сөз сөйлеп, Ғарифолла Әнестің ұлттық ғылым мен руханиятқа сіңірген еңбегіне тоқталды.

-Ұлт руханиятында айрықша із қалдырған, өр ісі мен өнегесі көп Ғарифоллалар баршылық. Қай-қайсысы да елдік мәселелерді шешуге барынша атсалысты. Бірі өнерімізді өрістетті, тағы бірі ғылымымызды төрлетті. Сондай-ақ ұлт мұрасын жинауға, зерттеуге, жариялауға жанын салып, тынбай тер төккен тағы бір Ғарифолламыз бар еді. Ол – Ғарифолла Әнес. Бір өзі бір институттың жұмысын жасаған ғибратты ғалым, бір өзі бір архивтің ісін жүргізген мәртебелі мұрағатшы, бір өзі бір баспалар үйінің шаруасын атқарған білікті баспагер, бір өзі бүкіл арыстың жиған-тергенін жариялаған абыройлы алаштанушы. Жалпы өзімізге үлгі болған Ғарифолла Әнес Алаш арыстарын зерттеуді тым ерте бастап, Қазақстанның репрессияға ұшыраған зиялыларын зерттейтін «Арыс» қорын құрды. Содан бері қор үздіксіз жұмыс істеп, қор басшысы бір күн де дамыл алып көрген жоқ. Қаншама тұлғаны шыңыраудан шығарды, қаншама кітап басты, қаншама энциклопедия түзді, қаншама тарихи мұраны қатарға қосты, қаншама архивтің есігін қазақ жұртына айқара ашып берді, — дей келе Б. Омаров өмірде өте қарапайым болса да үндемей жүріп-ақ адам айтқысыз ұшан теңіз іс тындырған Ғарифолла Әнестің болмыс-бітімінің ерекшеліктерін тізіп, атап айтып берді.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, ғалымның жары Бағдан Момынова ғалым еңбектерінің ғылыми маңызы туралы баяндама жасады. Ол Ғарифолла Әнестің жазып, бірақ шығарып үлгермеген туындыларынан 6 кітаптың басылып шыққанын жеткізіп, сол кітаптарды жиын барысында таныстырды. Бұл құнды еңбектер – «Ағартушы Халел Досмұхамедұлы: ғылыми және педагогикалық еңбектерінің әлеуметтік-тарихи, лексика-семантикалық аспектілері», «Әбіш Кекілбаевтың шағын прозаларының тілдік және танымдық сипаты», «Ағартушы: Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы мен педагогикалық еңбектері», «Қазақ тілінің тарихы: Этимология. Этнография. Ноғайлы дәуірі. ХХ ғ. басы (ғылыми мақалалар жинағы)», Алаш тарихы – шерлі шежіре (мақалалар жинағы), «Мемлекеттік тіл және тілші-ғалымдар. Тұлғалар (мақалалар жинағы)».

Басқосуда Ғарифолла Әнестің қазақтың ғылыми ойы мен рухани жадын жаңғырту жолындағы еңбегі айрықша аталып өтті. Әсіресе оның Алаш қайраткерлерінің мұрасын зерттеу, жүйелеу және жариялау бағытындағы қызметі, А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Қ.Жұбанов сынды тұлғалардың еңбектерін қайта әзірлеп, ғылыми жұртшылыққа ұсынудағы рөлі ерекше бағаланды. Ғалымның жетекшілігімен жарық көрген «Алаш. Алашорда» энциклопедиясы, «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының көптомдық толық жинақтары, сондай-ақ «Алаш – 100» атты 100 томдық мегажоба секілді іргелі еңбектер қазақ ғылымы мен руханияты үшін құнды мұра ретінде танылды. Сонымен қатар ХХ ғасыр басындағы көптеген басылымды араб қарпінен қазіргі жазуға көшіру арқылы ұлттық мұраны жаңғыртуға қосқан үлесі де ерекше назарға алынды. Жиын аясында Ғарифолла Әнес еңбектерімен бірге «Арыс» баспасының жаңа басылымдары да таныстырылды. Басқосу ғылыми мұраны жариялау, кітап мәдениетін дәріптеу және ұлт руханиятына қызмет еткен тұлғалардың еңбегін кейінгі буынға таныту ісіндегі маңызды мәдени-ғылыми алаңға айналды.
Райхан Рахметова



