Құтқарушылардың еңбек жағдайы толық жасалған
Елордада өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Төтенше жағдайлар департаменті мамандары жыл басынан бері тұрғындардың 3000-нан астам шақыртуына шығып, қызмет көрсеткен. Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында құтқарушылар 70-тен астам адамды құтқарып қалса, олардың шамамен 40-ы балалар болған. Департаменттің №23 өрт сөндіру бөлімінде сол көрсеткіштерді баяндау және жалпы осы қызметте жаңарған жабдықтар мен техниканы көрсету мақсатында арнайы брифинг өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жыл басынан бері Астана қаласы ТЖД күштері мен құралдарының көмегімен 200-ден астам өрт сөндірілген. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елордада 880 өрт тіркеліпті. Мамандардың айтуынша, өрттің басым бөлігі адам факторы мен өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудан болады. Атап айтқанда, өрттің шығуына біріншіден электр сымдарының қысқа тұйықталуы, яғни желіге шамадан тыс жүктеме түсуі, тозған сымдар, ақаулы электр құрылғылары себеп болады. Сонымен қатар жылыту маусымында пешті пайдалану ережелерінің бұзылуы, яғни пештің шамадан тыс қызуы, мұржалардың ақаулығы, балалардың отпен ойнауы, отты абайсыз пайдалану, соның ішінде үй ішінде темекі шегу сияқты себептері де бар.

Астана қалалық ТЖД басшысының орынбасары Өміржан Тұқышевтың мәлімдеуінше, қазіргі таңда елорданың қауіпсіздігін ТЖД-ның 14 өрт сөндіру бөлімі қамтамасыз етеді. Департаментте 2000-ға жуық қызметкер, яғни өрт сөндірушілер, құтқарушылар және өнеркәсіптік қауіпсіздік мамандары жұмыс істейді. Департамент қарамағында 200-ден астам заманауи жедел техника бар.

-Бөлімдерде кең, жылы, жайлы демалыс бөлмелері, оқу және қызметтік кабинеттері, асханасы, душ қабылдау орны және басқа да орындары бар, олар заманауи техникалармен және жиһаздармен жабдықталған. Мұның бәрі құтқарушылардың жұмысын жеңілдетіп, еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған. Құтқарушылар еуропалық сападағы арнайы жұмыс киімдерімен қамтамасыз етілген. Ол өте жеңіл, қимыл-қозғалысқа аса ыңғайлы. Материалдық-техникалық база жаңа автокөліктермен толықтырылды. Олардың қатарында Toyota Hilux, Hyundai Staria және Hyundai базасындағы өрт сөндіру көліктері де бар, — дейді ТЖД өкілі.
Жыл сайын департамент құтқарушылары 20 мыңнан аса шақыртуға шығады, оның ішінде өрттен құтқару, өрт сөндіру, апаттық-құтқару, есігі ашылмай қалған үйдегі балаларды құтқару және басқа да төтенше жағдайлар тіркеледі. Ал күнделікті 300-ден аса құтқарушы кезекшілікке түседі.
Райхан Рахметова



