Жайлы қала жолынан көрінеді

Жайлы қаланың бір нышаны – жаяу жүргіншілер мен көлік жолдарының сапасы. Бүгінгі таңда Астанада жол салу және оны жөндеу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Биыл елордада жалпы ұзындығы 60 шақырым болатын 50 көшенің жолын жөндеу жоспарланған. Сонымен қатар қала ішінде жаңа жолдар пайда болады.
Бас қалада жолдарды жөндеу жұмысы басталды. Биыл жалпы ұзындығы 60 шақырым болатын шамамен 50 көшені жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ бүгінде шұңқырларды, тротуарларды жөндеу, жол белгілерін салу және т. б. жұмыстар қатар жүргізілуде. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Facebook парақшасында жазды.
«Биыл сәуір айынан бастап мына көшелерде жұмыс басталды:
– Е68 көше – Ә.Бектұров көшесінен Төле би көшесіне дейін;
– Б.Соқпақбаев көшесі – Ш.Бейсекова көшесінен К.Күмісбеков көшесіне дейінгі аралығындағы құрылыс жалғасты;
– Н.Тілендиев даңғылынан Бейбарыс Сұлтан көшесіне дейінгі учаскеде Абайдың 150 жылдығы көшесін салу жобасы іске асып жатыр.
– Мәңгілік ел даңғылы мен Сығанақ көшесі;
– Кенесары көшесі – Ә.Сембинов көшесінен Сарыарқа даңғылына дейін (бұл ретте Кенесары көшесінде 2025 жылы Е.Брусиловский көшесінен Ә.Сембинов көшесіне дейінгі аралықта жұмыс жүргізілген);
– Республика даңғылы – А.Иманов көшесінен теміржол вокзалына дейін;
– Ақан сері көшесі – Н.Тілендиев даңғылынан Қараменде би Шақаұлы көшесіне дейін;
– Е.Шаймерденов көшесі – Ж.Нәжімеденов көшесінен А.Байтұрсынұлы көшесіне дейін және т. б.» деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Ш.Бейсекова көшесі мен Н.Тілендиев даңғылының қиылысында екі деңгейлі жол айырығын салу жұмысы жүріп жатыр. Нысанда инженерлік желілерді тарту және аралық металл құрылымын монтаждау жұмысы жүргізілуде. Биыл жыл соңына дейін құрылыс жұмысын аяқтау жоспарланып отыр.
Қ.Мұхамедханов көшесінің құрылысы Ш.Айтматов көшесінен Қорғалжын тасжолына дейінгі аралықта жалғасып жатыр.
«Өткен жылы бұл учаскеде көлік қозғалысы қамтамасыз етілген. Биыл жол салуды және іргелес аумақты абаттандыруды қоса алғанда, барлық жұмысты толықтай аяқтау жоспарланып отыр. Ш.Айтматов көшесінде сегіз жолақты магистралды жол арқылы көлік қозғалысы қамтамасыз етілді. Ш.Айтматов көшесінің ашылуы нәтижесінде Тұран және Қабанбай батыр даңғылдары, сондай-ақ Сығанақ пен Қ.Мұхамедханов көшелері сияқты негізгі магистралдарда көлік ағыны едәуір азайды, бұл қаланың жаңа бөлігі үшін аса маңызды. Сонымен қатар биыл абаттандыру, бағдаршам орнату және электрмен жабдықтау, нөсер кәрізі желілерін тарту жұмысы жалғасады. Тәуелсіздік даңғылының Қабанбай батыр даңғылынан Ұлы дала даңғылына дейінгі учаскесінің құрылысы басталды. Бұл көше сегіз жолақты магистраль саналады. Аталған жолдың арқасында көлік ағыны қайта реттеліп, Мәңгілік ел мен Тұран даңғылдарында қозғалыс жылдамдайды деп күтіліп отыр» деп мәлімдеді қала әкімі.
Қазіргі уақытта 1-кезең жүзеге асып жатыр – Тәуелсіздік даңғылының Қабанбай батыр даңғылынан Е485 көшесіне дейінгі учаскесінің аралығы. Жол салу аумағында нормативтік талаптарға сәйкес коммуналдық желілерді (сумен жабдықтау, кәріз, электрмен, жылумен жабдықтау) төсеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Ұлы дала даңғылының (А-52 көше) Ш.Қалдаяқов көшесінен Қордай көшесіне дейінгі учаскесінде құрылыс жұмысы жүргізіліп жатыр. Осыған дейін Ш.Қалдаяқов көшесінен А.Байтұрсынұлы көшесіне дейінгі аралықта көлік қозғалысы қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта осы учаскеде жолдың жоғарғы қабатын салу арқылы абаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр.



