Басты ақпаратҚала мен сала

Елордада жүк көлігі құрастырылады

Астанада шаруа­шылық көліктері құрастырылады. Италиялық «IVECO» маркасымен белгілі арнайы жүк көліктерін құрастыратын «STAHLBAU» ЖШС елімізде 2015 жылдан бері жұмыс істейді. Астана қаласы маңындағы №1 индустриялық парктен 4 гектарға жуық жер алып, жұмысын бастаған серіктестік нарыққа қажетті автомашиналар құрастырады.

– Жаңадан бес мың шаршы метрді құрайтын зауыт салынып жатыр. Бұл біздің болашақтағы жоспарымыз бойынша жүзеге асуда. Маңайды кеңітіп алсақ, толыққанды жұмыс жасай беруге болады. Қоқыс тасуға немесе жалпы тазалыққа арналған жүк көліктерінің барлық бөлшегі, яғни қаңқасы, қозғалтқышы, электрлі жабдықтары – бәрін арнайы мамандарымыз қабылдап, құрастыру жұмыс­тарын жасайды. Бір жақсысы, зауыттағы жігіттердің басым көпшілігі – әмбебап. Олар көлік құрастырушы да, электрик те, дәнекерлеуші де бола алады. Елуге тарта маман бар, солар қызмет етеді. Жалпы, машина құрастыру бойынша зауыт ішінде бес бекет бар. Әрқайсысының өзіндік міндеті болады. Бірі – қаңқадан бастап алдыңғы және артқы көпірлерін жинап, жүрістік бөлігін нықтайды. Екіншісінде – пневматикалық және электрлі құрылғылар, ал үшінші бөлігінде мотор мен қосалқы жабдықтар орнатылады. Төртіншісінде шанақ қойылып, оған қажетті заттың барлығы бекітіледі. Сөйтіп, құрастырылған көлікті мен бастан-аяқ қабылдап аламын, – дейді STAHLBAU» ЖШС инженері Нұрғиса Ахметов.

Машина жасау мамандары өз істерін бес саусақтай біледі. Дәнекерлеуші де, сырлаушы да, көліктің әр ұсақ тетігін құрастырушы да – өз істерінің білгірі. Бұған зауытты аралау барысында көз жеткіздік. Сыртынан қарасаң, елеусіз көрінетін зауыт ішінде жұмыс қайнап жатыр.

– Қазіргі уақытта зауыт бір ауысыммен ғана жұмыс істейді. Болашақта екі-үш ауысыммен жұмыс жасауды қарастырып отырмыз. Жылына он мың машинаға дейін шығаруға зауыттың қауқары толық жетеді. Тапсырыс түскеннен бастап, мамандар өз міндеттерін атқаруға кіріседі. Көлікке қажетті құрылғыларды Ресейден, Түркиядан және Қазақстанда жасалған темірлерді пайдаланамыз. «Сборка» дейміз ғой, жинау жабдықтарының көбі Италиядан келеді. Ал көлікті әрлеу жұмыстары цехта жасалады. Егер бір адам көлікке тапсырыс берген жағдайда біз үш күнде жинап бере аламыз. Яғни алушының қалаған көлігі дайын болады. Жыл басынан бері 6-7 машина құрастырылды. Қазір 20 машинаны жинақтап жатыр­мыз, – деді ­Нұрғиса ­Ахметов.

Көлік құрастырушы мамандар шетелдік кәсіпорындарда тәжірибе алған. Білімдерін шыңдаған. Барлығы бесаспап. Машина жөнінде тәптіштеп түсіндірген Нұрғиса Ахметов көліктерді тексерістен өткізуге кетті. Мен де өз жұмысыма асықтым. Айтпақшы, «STAHLBAU» серіктестігі италия­лық «IVECO» компаниясымен бірлесіп жұмыс істейді. Мен кетіп бара жатқанда маңдайын­да «IVECO», «АSTRA» деген жазуы бар көліктер тексерістен өтіп жатты. Енді олар жұмысқа кіріседі. Айта кету керек, «АSTRA» да – италиялық марка. 30 тоннаға дейін жүк тией алады.

Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button