Астанадағы мектеп жанынан «ақылды» жылыжай ашылды

Астана қаласындағы №101 орта мектебінің жанынан заманауи технологиялармен жабдықталған ақылды жылыжай ашылды. Онда «Ақылды технологиялар зертханасы – SmartLab» жобасы жұмысын бастап, оқушылардың ғылыми зерттеулер жүргізетін ортасына айналуда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Білім беру ордасының жас зерттеушілері Саят Қалтай мен Бану Бекасыл өсімдіктердің өсуі мен дамуына хлорелланың әсері жөнінде ғылыми жоба жасап, республикалық конкурста жүлделі бірінші орынды иеленген. Осыдан соң жүлде қорына берілген сыйақыға мектеп жанына жылыжай салынды.
Жылыжайдың жалпы ауданы – 18 шаршы метр. Ені – 3 метр, ұзындығы – 9 метр. Мұндай көлем шағын, бірақ тиімді жоспарлау арқылы бірнеше түрлі дақылдарды қатар өсіруге мүмкіндік береді. Жылыжай оқу, тәжірибелік және өнім алу мақсатында пайдаланылады.
Жобаның авторы – биология пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Мейрамгүл Болатова. Мұнда көкөніс және дәрілік өсімдіктерді өсіру оқушыларға агротехникалық дағдыларды меңгеруге, өсімдіктердің биологиялық ерекшеліктерін зерттеуге және экологиялық мәдениетін қалыптастыруға жағдай жасайды. Қазір жылыжайда қызанақ, қияр, тәтті бұрыш, баклажан, сонымен қатар дәрілік өсімдіктер егу жұмыстары басталуда.
Өсімдіктерді өсіру процесі толықтай автоматтандырылған. Арнайы датчиктер арқылы температура, ылғалдылық, жарық және CO₂ деңгейі бақыланып, жүйе оларды автоматты түрде реттейді. Бұл өсімдіктердің өсуіне қолайлы орта қалыптастырып, өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Жоба барысында Arduino платформасы қолданылып, суару, жарықтандыру және желдету жүйелері автоматтандырылды. Нәтижесінде су мен энергияны тиімді пайдалану қамтамасыз етіліп, экологиялық таза өнім алу мүмкіндігі артты.
Аталған жылыжай тек ауыл шаруашылығы бағытындағы жоба ғана емес, сонымен қатар білім беру алаңы ретінде де маңызды рөл атқарады. «SmartLab» зертханасы аясында оқушылар инженерлік және зерттеу дағдыларын дамытып, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырады.
Жобаның негізгі артықшылықтары:
— өсімдіктерге қолайлы климатты автоматты түрде қамтамасыз ету;
— су және энергия ресурстарын үнемдеу;
— өнім сапасын арттыру;
— адам еңбегін жеңілдету;
— экологиялық тепе-теңдікті сақтау;
— деректерді бақылау және талдау мүмкіндігі.
Бұл бастама оқушылардың технологиялық сауаттылығын арттырып қана қоймай, оларды болашақтың инженерлері мен зерттеушілері ретінде қалыптастыруға ықпал етеді.



