Ардагерлер алғыс айтты

Астана қаласының Нұра аудандық ардагерлер кеңесі және әл-Фараби мешітінің басшылығы мен қызметкерлерінің арасында достық, түсіністік, сыйластық пен көмек көрсету үрдісі жалғасын табуда.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбәрак мәулітіндегі хадистерінің бірінде: «Адамға алғыс айта алмаған Аллаға шүкір ете алмайды» деген екен. Ендеше орайлы сәтте мешіт өмірінде маңызды іс атқарып жүрген жандарға алғыс айтпасқа болмайды. Мешіт үшін берекенің ұйытқысы, дін мен дәстүр, ұрпақтар сабақтастығын сақтауда үлгі бола алатын біздің ақсақалдарымыз, әжелер мен апаларымыз емес пе?
Алғыс айту күніне орай әл-Фараби мешітінің бас имамы Нұрлан Бекболатұлына, наиб имам Мамлюк Асханұлына Астана қаласының Нұра ауданы ардагерлерінен мың алғыс! Ораза айында біздің ардагерлер үшін ауызашар ұйымдастырғандары сауаптан болсын!
Нұра ауданы ардагерлері осы заманғы өзгерістерге сай жастарға үлгі көрсетуде, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуда ауданымызда орналасқан мектептер мен колледждерде, университеттерде жастармен кездесулер ұйымдастыруды жалғастыруда. Олар жастарға тәлім-тәрбие беріп, ата-ананы, үлкендерді құрметтеу жөнінде өздерінің жастық шағы кезіндегі аға буынды сыйлау ерекшелігін айтуда: «Үлкендерді құрметте», «Жасы үлкен адамның алдын кесіп өтпе», «Жасы үлкен адамның бетіне қарсы дау айтпа», «Көпшілік жерде көлікте жасы үлкен адамға орын бер», т. б. Әрине, осы қағидалар әл-Фараби мешітінің медресе тыңдаушыларына да үнемі айтылып отырады деген сенімдеміз.
Осы күні ауызашарға қатысқан ардагерлердің атынан ерекше ризамыз. Ас мәзірін дайындап, жинаған қауымның ризалығы мен батасына ие болған асхана меңгерушісі Жақсылық Хибадатұлына үлкен алғыс! Осылайша, қасиетті орта, имандылық үйі – мешітте қызмет етіп, Аллаға құлшылық еткендері қабыл болсын демекпіз!
Санасы өсіп адамның,
Көңілінде кір қалмасын.
Құты қашып жаманның,
Жақсы тапсын жалғасын!
Орайлы сәтті пайдаланып, Астана қаласында орналасқан әл-Фараби мешітінің басшылары мен ұжымына зор алғысымызды білдіре отырып, бауырларымызға зор денсаулық, ұзақ та бақытты ғұмыр иесі болуларына шын жүректен тілектеспіз!
Айтмағамбет АИПОВ,
Астана қаласы Нұра ауданы ардагерлер
кеңесінің төрағасы



