«Respublica» партиясының әйелдер қанаты «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясына үлес қосты

«Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық айлығы және «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында «Respublica» партиясының әйелдер қанаты — ReWoman қауымдастығы елордадағы жағалау аумақтарын тазарту бойынша сенбілік өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Есіл өзенінің жағалауында өткен іс- шараға партия өкілдері, кәсіпкер әйелдер және қаланың белсенді тұрғындары қатысты. Шамамен 150-ге жуық қыз-келіншектер жағалау бойын тұрмыстық қоқыстан, бұтақтардан және пластиктен тазартты. Акция қорытындысы бойынша 300 келіден астам қалдық жиналып, шығарылды.

«Біздің «Мөлдір бұлақ» акциясына қатысудағы мақсатымыз — тек аумақты тазалау ғана емес, сонымен қатар экологиялық құндылықтарды насихаттау және қаламыздың су ресурстарына ұқыпты қарауды қалыптастыру. Біз елорда тазалығына қамқорлық — баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз екенін көрсеткіміз келеді», — деп атап өтті ReWoman қауымдастығы.

Еске сала кетейік, «Мөлдір бұлақ» акциясы қаладағы су нысандарын, соның ішінде Есіл, Ақбұлақ және Сарыбұлақ өзендерін санитарлық тазалауға бағытталған. Елорда әкімдігі тұрғындар мен қоғамдық ұйымдарды экологиялық бастамаларды әрі қарай қолдауға шақырады.



