«Ясауиден Юнус Эмрегe дейін: Түрік өнерінің рухани жолы»

Астанадағы Юнус Эмре түрік мәдени орталығының ұйымдастыруымен «Ясауиден Юнус Эмрегe дейінгі: Түрік өнерінің рухани жолы» атты тарихи-мәдени көрменің тұсаукесері өтті. Аталған орталық 15 жылдан бері түрік тілін үйрету және түрік мәдениетін насихаттау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Институт бастамасымен мамыр айының алғашқы аптасы Yunus Emre мұрасына арналып, рухани-мәдени іс-шаралар легі ұйымдастырылуда.

Соның аясында ашылған көрме мақсаты — Қожа Ахмет Ясауиден бастау алған рухани ілім мен Yunus Emre жеткізген адамгершілік құндылықтарды негізге ала отырып, бүгінгі жас буынның дүниетанымын жаңғырту. Бұл маңызды іс-шара ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан рухани-мәдени жолдың ізін көруге септік етті. Бағдарлама барысында түрік-ислам өркениетінің тереңінен бастау алатын бұл рухани жол Қожа Ахмет Ясауи ілімінен басталып, кейін Yunus Emre жырларында адамсүйгіштік пен рухани кемелдікке ұласқаны айтылды.

Ұйымдастырушылардың айуынша, түрік-ислам өркениетінің тереңінен тамыр тартқан рухани сапар Қожа Ахмет Ясауидің даналықпен қалыптасқан тағылым қақпасынан бастау алып, жүрекке жететін қарапайым да әсерлі жырларымен Yunus Emre шығармаларында жалғасын табады. Ahmet Yesevi хазіретінің Түркістаннан басталған ілім мен рухани жолы өнермен астаса отырып, әулиелер мекені Маңғыстауда жер асты мешіттері түрінде, Ахлатта Селжұқ кезеңінің құлпытастары түрінде, ал Балқан өңірінде көпірлер түрінде көрініс табады. Оның ілімі уақыт өте келе Юнус Эмре поэзиясында махаббат пен адамгершілікке толы рухани үнге айналды.
Салтанатты жиынның алғы сөзін алған Түркия Республикасының Астанадағы Елшілігінің Мәдениет жөніндегі кеңесшісі Zülfi Toman аталған көрме осы екі ұлы ойшыл арасындағы рухани сабақтастықты өнер тілі арқылы жеткізетін кеңістік болғанын жеткізді. Себебі көрмедегі әрбір туынды өткен мен бүгінді жалғайтын белгі, ал жас суретшілердің еңбегі осы мұраны жаңаша көзқараспен қайта жаңғырту талпынысын көрсетті. Көрменің ашылуында сонымен қатар TUKİB Түрік Қазақ іс адамдары бірлігі басшысы Хикмет Аталай, дінтанушы, философия ғылымдарының кандидаты Кеңшілік Тышхан сөз сөйлеп, Түркия елінің мәдениеті мен өнеріне ерекше ықылас танытылған көрменің маңызына тоқталды.

Танымы мол көрмеге жас құсни хат шебері, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2 курс магистранты Алдияр Әуесбековтің туындылары қойылды. Қиялын қылқаламмен ұштастыра білген жас талантқа қатысушылар алдағы өнер әлемінде сәттілік тілеп, алғыс айтты. Жиын соңында Кеңшілік Тышхан мен Алдияр Әуесбековке орталық атынан алғыс хаттар табысталды.

Беделі өз дәуірінен асып түскен түрік ақыны Юнус Эмре — 13-ғасырда Анадолыда (Түркияда) өмір сүрген, Анадолыдағы Қожа Ахмет Ясауи жолын қуған сопылық мектептің негізін қалаушы. Өмірі жайлы нақты деректер жоқ. Кейбір ескі қолжазбаларда оның хижра бойынша 720 жылы 82 жасында қайтыс болғандығы жазылған. Бұл деректерді оның өз шығармалары да («Насихаттар кітабы») растайды, бірақ қай жерде жерленгені белгісіз.

Кейбір түрік ғалымдары Юнус Эмрені ешқандай білімі жоқ, диханшылықпен айналысып, анда-санда жыр жазып жүрген дервиш деп бағаласа, кейбір әдебиетшілер Юнус Эмре жалғыз ғана жыр шимайлаумен әлектенген ақын ғана емес, медреседен тәлім алып, ислам мәдениетін терең зерттеген зиялы адамдардың бірі болған деседі. Толыққанды зерттеп шыққандар Юнустың медреседе оқумен бірге тарих, география және философия сабақтарын аса ұната зерттегендігін айтады. Юнустың өлеңдерін талдап отырып, оның өз заманында түрік тілінен бөлек араб және парсы тілдерін мықты зерттегенін байқауға болады.

Түркияның әр түрлі аймақтарында Юнус Емреге арналып кұлпытастар қойылып, мазарлар салынған. Өлеңдерін Қожа Ахмет Ясауи жолымен халыққа Ислам қағидаларын түсіндіру үшін жазған. Ақын ұғымы бойынша адам денесі су, топырақ, от, ауадан жаратылған.

Юнус Эмре өз өлеңдерін XIII — XIV ғасырдағы Анадолы оғыздарының халыққа түсінікті қарапайым тілінде шығыстық аруз өлшемнің, ІІ буындық түрік өлшеміне сәйкес жазған. Өзінен кейінгі ақындарға ұстаз болып, қарапайым халық тілімен де тамаша өнер туындысын жасауға болатындығын дәлелдеген. Діни, сопылық терминдердің арабша, парсыша атауларымен бірге түрікше аттарын катар қолданған. Орта Азиялық сопы Қожа Ахмет Ясауидің өлеңдерін ұнатып, Месопотамия, Анадолы және Балқан аймақтарына өзінің өшпес ізін қалдырумен түркі-ислам сопылық әдебиетін негіздеген және оғыз түркілердің ауызекі тілін жазба тілдік қалыпқа салған. Жеті ғасырлық тарихты қамтыған ақынның тілі қазіргі батыс түрік тілінің өзегін құрайды.

Юнус Эмре — әлемдік ақын. «Жаратылыс және жалпы жәндіктерді Құдай жаратқандығы үшін сүйем», — деп жар салып, «Жер шарындағы бүкіл адамзатқа бірдей мәміле жасадым» деген бұл қарапайым дәруіш Еуропадағы «гуманизм» ағымы басталған дәуірден екі ғасыр бұрын өмір сүріп кеткен.

Ақын жеті жүз жыл бұрын:
«Көкіректі кеңдей қылып кермедім,
Көр ауқатқа көмілем деп келмедім.
Құдіретті Құдай менен дос болып,
Көңілдерді көтеруге келгенмін», — деп ол бұл өмірдегі қызметін белгілеген.



