Дәрігер – жай кәсіп емес, тағдыр

Дәрігер туралы жазу, әсіресе тіс дәрігері туралы толғану оңай емес. Олар көп сөйлемейді. Мінезі салмақты. Қолдары ғана сөйлейді. Ауыз қуысындағы тіршіліктің тамырын дәл тауып, олар тістердің тынысын бір қарағанда-ақ танып қоятын зерде иесі.
Осындай жандардың бірі – ғұмырын стоматология саласына арнаған Батихан Мұстафаұлы Жидебаев. Ол ұзақ жылдар бойы Астана қаласындағы «Стоматология» оқу-клиникалық орталығында ортопед-стоматолог болып еңбек етіп, талай адамның алғысына бөленді. Оның қабылдауынан өткен жандар тек ем алып қана қоймай, сабыр мен сенім де табатын.
Батихан Мұстафаұлының кіндігі кесілген жер – Арал. «Арал ертегі тәрізді еді» деп еске алады ол. Бір кездері толқыны темір жол жиегіне жеткен теңіз, кермек ауасы, құмға сіңген сағыныш – бәрі оның жадында. Қала тарихы «Алты құдық» қыстағынан басталып, кейін «Орынбор-Ташкент» темір жолының салынуымен өркендегені де бала күннен құлағында. Теңіз шегінсе де, адамдар туған жерін тастамады. Сол топырақта 1956 жылдың 23 ақпанында дүниеге келген ол 1973 жылы мектеп бітіріп, еңбекке ерте араласты. Комсомол жастар бригадасымен алыс қыстақтарға барып, қой бақты. Әскер қатарында болып қайтты. Дегенмен жүректегі арман оны медицинаға жетеледі. Осылайша ол Қарағанды медицина институтының стоматология факультетіне түсіп, оны ойдағыдай тәмамдады. 1985 жылы Қызылорда қаласына жас маман болып оралып, №2 стоматологиялық емханада еңбек жолын бастады. Кейін бөлім меңгерушісіне дейін көтерілді. 2002 жылы Астанаға қоныс аударып, «Стоматология» оқу-клиникалық орталығында ортопед-стоматолог, бөлім басшысы қызметтерін атқарды. Еңбегі қалалық, облыстық, республикалық деңгейде жоғары бағаланды.
Ол дәрігер болудың үлкен жауапкершілік екенін айтады. «Дәрігерлік – тек білім емес, мінездің де сыналуы» дейді. Себебі бұл мамандық терең біліммен қатар, төзімділік пен жан мейірімін талап етеді.
Орыс жазушысы әрі дәрігер Антон Чехов: «Медицина – менің заңды әйелім, ал әдебиет – көңілдесім» деген екен. Бұл сөздің астарында мамандыққа адалдық жатыр. Батихан Мұстафаұлы үшін де стоматология – жай кәсіп емес, тағдыр. Өмірінің 52 жылын еңбекке, оның 45 жылын сүйікті мамандығына арнаған дәрігер бүгінде ақсақал атанып, ұл-қыздары мен немерелерінің ортасында елге салиқалы қызметін жалғастырып келеді. Оның ғұмыр жолы – үнсіз еңбек пен адамға деген шынайы жанашырлықтың үлгісі.
Есен БАЙБОЛСЫН,
Астана қаласы



