Денсаулық

Субұрқақта шомылу неге қауіпті?

Мамыр айынан бастап қаламызда субұрқақ кешендері іске қосылуда. Ыстық күндері бұл орындар тұрғындардың назарын аударып, салқындауға таптырмас орынға айналатыны анық. Алайда, кейбір азаматтардың субұрқақ ішінде шомылуы денсаулыққа үлкен қауіп төндіреді. Осыған орай Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары субұрқақта шомылудың зиянын түсіндірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

— Тұрғындардың есіне салатын жайт — субұрқақтар шомылуға арналмаған. Олар — қаланың сәулеттік абаттандыру элементі әрі ауаны ылғалдандыру қызметін атқаратын нысандар.  Негізгі қауіп факторлары:

  • Биологиялық ластану: субұрқақтар ашық аспан астында болғандықтан, суға шаң, жапырақтар, қоқыс пен жәндіктер түсіп, табиғи ластану процесі өте жылдам жүреді.
  • Инфекция көздері: мұнда қаңғыбас жануарлар мен құстар шомылып, түрлі аурулар (зоонозды инфекциялар, орнитоз) қалдыруы мүмкін. Сондай-ақ, ішек таяқшалары, зең (грибок) және вирустық инфекциялардың таралу қаупі жоғары.
  • Бактериялардың көбеюі: жоғары ауа температурасы судағы зиянды микроорганизмдердің тез көбеюіне ықпал етеді.
  • Жарақат алу қаупі: субұрқақтың ішкі жабындысы өте тайғақ болады. Сонымен қатар су астындағы инженерлік коммуникациялар мен жабдықтар механикалық жарақат алуға немесе электр тогының соғуына әкеп соғуы мүмкін, — дейді аталған департамент басшысының орынбасары Мұқамғали Арыспаев.

Оның айтуынша, субұрқақ суына шомылуға ғана емес, сол суға қолды немесе жеміс-жидекті жууға мүлдем болмайды. Бұл  үшін тек арнайы жабдықталған жерлердегі ауыз суды пайдалану қажет. Жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жыл сайын мамыр — қыркүйек айлары аралығында қаланың субұрқақ кешендерінің су сапасына мониторинг жүргізеді.

2025 жылғы зерттеу нәтижелері:

  • Қала бойынша субұрқақ кешендерінен барлығы 524 су сынамасы алынды, оның ішінде микробиологиялық көрсеткіштер бойынша 26 сынамада, санитариялық — химиялық көрсеткіштер бойынша 34 сынамада оның сапасына қатысты талаптардың сәйкес келмеуі анықталды.

Департамент өкілдері субұрқақ — шомылу орны емес екенін, мұнда жұқпалы ауруларды жұқтыру қаупі өте жоғары екенін ескере отырып, ата-аналардан балаларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіруін сұрайды.

 

 

 

«

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button