Оқушы телефоннан толық тыйыла ма?

Елімізде оқушыларға телефон ұстауға толықтай тыйым салынбақ. Тиісті түзету Педагог мәртебесі мен білім беру мәселелері жөніндегі заң жобасында қамтылды. Бұған дейін оқушылардың смартфон пайдалануына шектеу туралы заң 2024 жылы енгізілді. Оған сәйкес, бүгінде әр мектеп әкімшілігі оқушыларға қандай жағдайда смартфон ұстауға болатынын өз бетінше шешеді. Ендігі кезекте талап қатаң әрі барлық орта білім беру ұйымына бірдей болмақ. Бұл өзгеріс оқу үлгерімін қаншалықты жақсарта алады?
«Смартфонсыз мектептер» көбейіп келеді
Заң жобасына сәйкес, қазіргі норма алынып тасталып, оқушылардың гаджеттерді пайдалану құқығын шешу құзыреті білім беру саласындағы уәкілетті органға берілуі ықтимал. Бұл Оқу-ағарту министрлігі немесе өңірлік білім басқармалары болуы мүмкін. Негіздемеде ұялы байланыстың абонент құрылғысын пайдалануға тыйым салуды тек оқу уақытында ғана емес, өзгерістер кезінде де қолдану кибербуллинг пен деструктивті контент тәуекелдерін азайтуға, мектептердегі тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуға, білім алушылардың жанды қарым-қатынас және әлеуметтену деңгейін арттыруға, сондай-ақ салауатты білім беру ортасын қалыптастыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні айтылған. Бұл бағытта Астананың бірқатар мектебінде «Смартфонсыз мектеп» жобасы қолға алынды. Елордалық Білім басқармасының мәліметіне сәйкес, қала мектептерінде 2021 жылдан бастап «Смартфонсыз мектеп» жобасы мемлекеттік білім ордаларына тәжірибе ретінде енгізілді.
– Жоба білім сапасын арттырып, оқушылардың ойлау қабілеті мен психологиялық денсаулығына оң әсер етуге бағытталады. Қала мектептерінің шамамен 40 пайызында оқушылар сабақ барысында телефон қолданудан бас тартқан. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта да ұлғая түседі, – делінген қалалық Білім басқармасының мәліметінде.
«Смартфонсыз мектеп» жобасы бойынша оқушылардың ұялы телефондары арнайы жеке сөрелер мен ағаштан жасалған қораптарда тұрады. Бұл қораптарды оқушылар технология пәнінде өздері қолдаған жасаған. Осы жобаны 2023-2024 оқу жылынан бастап Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназия жүргізіп келеді. Мектеп директоры Айгүл Қашаеваның айтуынша, жоба нәтижесінде мектептің тәрбие және білім беру ортасы жетіле түсті.
– Қазіргі цифрлық дәуірде балалар бір-бірімен араласып, сөйлеспей, смартфон мен түрлі гаджетке үңіліп отыратынын жиі байқаймыз. Смартфонды шектен тыс қолдану кейде оқушылардың денсаулығына, әсіресе көру қабілеті мен психологиялық күйіне, тиісінше бұл оқу үлгеріміне кері әсер ететіні анық. Сол себепті жобамыз қысқа уақыт ішінде оқу-тәрбие жүйесінде айтарлықтай оң нәтижесін көрсетіп, сабақтағы тәртіп пен оқу белсенділігі біршама жақсарғанын байқауға болады. Сабақтағы тәртіп жақсарып, оқушылардың оқу мотивациясы артты, сондай-ақ олардың бір-бірімен еркін сөйлесуі, «8 минуттық оқу» жобасы бойынша кітап оқу, асық, ләңгі, дойбы секілді спорт түрлерімен жиі айналысу көбейе бастады, – деді А.Оңдағанқызы.
Десе де, мектеп директоры телефоннан мүлде бас тарту қиын екенін алға тартты. Спикердің сөзінше, бүгінде жасанды интеллект мүмкіндігін пайдаланып сабақ өтетін педагогтар көп. Осы мақсатта сабақтың белгілі бір кезеңінде смартфон қажет.
– Ал үзіліс уақытында шектеу қоя алмаймыз. Өйткені ата-анасымен хабарласуға немесе асханаға барар кезде қажет болады. Бірақ барынша үзіліс уақытында да телефонға үңілмеуі үшін танымдық, спорттық іс-шаралар ұйымдастыруға баса мән береміз, – деді басшы.
Баланы шектемей, тәрбиелеу қажет
Әлемдегі дамыған елдердің біразы мектепте телефон қолдануға шектеу салып келеді. Мәселен, Италияда 2017 жылдан бері балабақшадан орта мектепке дейін сабақ кезінде және оқу мақсатымен де тыйым салынған. Мажарстанда 2024 жылдың қыркүйек айынан бері мектептерде толық тыйым салса, биылдан бастап Оңтүстік Кореяда толықтай шектеу енгізілді. Испания, Ирландия, Швецияда соңғы жылдары мектептерде смартфонға тыйым күшейген. Бас қаланың Ы.Алтынсарин атындағы №83 мектеп-гимназияның психологы Гүлнұр Аралбаева шетелдік мұндай тәжірибе еліміз үшін қажет деп санайды.
– Мұндай шектеу балалардың телефонға тәуелділігін азайтып, білім алуға, ойын-сауық және шығармашылық іс-әрекеттерге көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік береді. Мысалы, оқушылар қолы қалт ете қалса телефонды қолға алып, түрлі ойын ойнай бастайды, бір-бірімен онлайн-ойындар арқылы ғана қарым-қатынас құрады. Мен қызмет жасап жүрген мектептің өзінде диагностикалар нәтижесі көңіл көншітпейді. «Интернетке тәуелділік» сауалнамасының статистикасына сүйенсек, 1000 оқушының ішінде кемінде 10 оқушыда тәуелділік байқалады. Бірақ бұл тәжірибені енгізгенде, балалардың цифрлы дағдысын дамыту үшін баламалы әдістер мен бағдарламалар қарастырылуы керек, – деп ой бөлісті психолог.
Ал І.Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназия директоры Ақмоншақ Нұртаза толықтай тыйым салу бұл мәселенің шешімі емес, тек оны уақытша бүркемелеу деген пікірде.
– Гуманды педагогика құндылықтарын ұстанатын басшы ретінде мен балаға таңдау беруді қолдаймын. Біз баланы «шектеу» арқылы емес, «тәрбиелеу» арқылы оның технологияға деген көзқарасын реттей аламыз. Егер біз мектеп қабырғасында баланы өздігінен шешім қабылдауға баулымасақ, ол ертеңгі күні еркін өмірде технологияның тетігін дұрыс баса алмай қалуы мүмкін. Әлемнің дамыған елдері гаджеттерді шектеп, классикалық қолмен жазу мен кітап оқуға қайта оралып жатқаны – ғылыми негізделген үрдіс. Мұндайда классикалық дағды мен технология біріктіретін «цифрлық гигигена» принципін ұстау маңызды. Мектеп бала үшін ең алдымен қауіпсіз орта болуы тиіс. Иә, бейнебақылау камералары бар, бірақ баланың жеке қауіпсіздік сезімі үшін ата-анасымен байланыста болуы өте маңызды. Біз осы тепе-теңдікті табу үшін мектебімізде арнайы жүйе енгіздік. Оқушылар сыныпқа кіргенде өздерінің тобы мен орындық нөмірі белгіленген арнайы қалташаларға телефонын салып қояды. Бұл әдіс арқылы ұстаз кімнің телефон тапсырмағанын ешқандай артық қимылсыз-ақ көре алады. Оқыс жағдайда немесе сабаққа қажет болған сәтте бала өз телефонын бірден ала алады. Мектеп директоры ретінде айтарым, біз баланың қажетін түсініп, олармен бір толқында болуымыз керек. Бұл – тек тәртіп қана емес, өзара сенім мен ынтымақ орнату жолы, – деді А.Нұртаза.
P.S: Иә, смартфонға көп үңілетін буынның қатарластарын кемсітіп, қажетсіз ақпараттың жетегіне кетіп, арты қайғылы жағдайға ұласып жатқаны азаймай тұр. Алайда мектеп қабырғасында тыйылмай жатқан буллинг көбіне бейнебақылау камералары арқылы емес, ұялы телефонмен дәлелденіп, келеңсіз жайттың орын алғаны мәлім болуда. Осындайда баланың зейінін арттырумен қатар, қауіпсіз ортада жүруі әсіресе маңызды.
Индира БЕРЖАНОВА



