«Құралайдың салқыны» қай кез еді?

Жер жіпсіп, күннің шуағы шұғылаға айналар тұста, атырап беті ашылып, қыстың қытымырлығы басылып, жазға аяқ басқан шақта маңай түрлене бастайды. Қазақтың «Сәуір болмай, тәуір болмайдысы» – осы кез. Алайда мамыражай мамыр келгенімен, күн райы құбылып тұрады.
Тоң жібіп, төрт түлік төлдей бастағанымен, ауыл қариялары «Құралайдың салқыны» кетпей, ауа райына аса қатты сенім арта алмайды. Ауыл тұрғындарының бейқам отырмайтыны да содан болса керек.
Жалпы «Құралайдың салқыны» деп қай мезгілді айтады десек, бала күнімізден құлақ түбінде қалған бұл сөз мамыр айының аяғына тұспа-тұс келеді. Яғни киіктердің төлдейтін мезгілі. Бұл хақында алысқа бармай-ақ, қазақтың көрнекті этнографы, тарихшысы Жағда Бабалықұлының жазбасынан табуға болады. Этнограф мынадай мысал келтіреді.
Ол: «Бұл желдің «Құралайдың салқыны» деп аталуының себебі құралай балаларын осы желге қарсы жүгіртіп, аяқтандырады. Реті келгенде айта кетейін, мынау төрт аяқты хайуандардың ішіндегі балаларын жетім тастамай, бауырларына баса беретін осы киіктердің аналығы ғой. Сондықтан олардың балалары ешуақытта жетім қалмайды. Өз анасы өлсе, басқа кез келген аналығы оларды бауырына басып, емізе береді. Қандай керемет, ә! Адам баласы да осындай мейірімді болса ғой, шіркін…» дейді өз жазбасында.
–«Құралайдың салқыны» – мамыр айының аяғына таман соғатын суықтық. Осы күндері Құдайдың әмірімен қасқырлар «ораза» ұстайды. Олардың тісі қақсап, ет жеуге зауқы соқпайды, тіпті бірдеңе жемек түгілі, аң аулауға да шықпайды. Қасқырлардың бұл кезде азығы желден. Иә, «ауызашары» болады, онда да кешкісін жеміс жеуі мүмкін. Орманды жердің бөрісі «қасқыр жеген» сияқты удай ащы, қызыл жеміспен құрсағын алдайды, ал ауыр асты ойына да алмайды. Ал далалық жердің қасқыры жуа секілді ерте көктемде көтерілер дәрілік шөптермен қоректенеді. Қасқырлардың осы мезгілде осындай күйге ұшырайтынын білетін әлсіз аңдар олардан бой тасалап қашуды да қоюы ғажап емес. Өйткені олар да азулы көршілерінің «ораза тұтып» жүргенін жақсы біледі. Міне, Құдайдың кереметі!
Осы аралықта біз білетін киіктер жаңа туған төлдерін, лақтарын емін-еркін өргізіп әкетуге мүмкіндік алады. Иә, бірақ киіктерге қасқырдан басқа аң-құстар өш келеді. Мәселен, түлкі, қарсақ сияқтылар. Олар биік төбеден барлау жасап, киіктің лағын көздейді. Бірақ жас төл олардың көзіне оңай шалына қоймайды. Себебі киіктің жаңа туған лағы туа салысымен күннің көзін бағады. Күнбағыс өсімдігі сияқты күннің көзі қалай қарай ауса, солай қарай түзеліп жатып, яғни көлеңкесін жерге түсірмеуге тырысып, басын бауырына тығып, жұп-жұмыр болып жиналып, жермен-жексен күйге түседі. Өзін жасырады. Сосын біз даламызда киік саны көбейіп кетті деп дабыл қағамыз. Малшылар солай деп жатады. Ал егер киіктер болмаса қыс кетіп, жаз шыға өріс улы шөптерге толы болады. Қарапайым жусан, изен, бетеге, тағы басқасының үй жануарына жақпайтын, жесе асқазаны уланатын токсиндері болуы мүмкін. Киіктер сол улы шөптерді отап кетеді. Бірақ содан кейін шыққан шөп малға пайдалы болады. Мұны бұрынғы қазақ білген. Міне, «Құралайдың салқыны» – осы мамыр айының аяқ кезі, – дейді белгілі жазушы Мұнайдар Балмолда.
Түсінгеніміз, мамыр айының аяғында болатын суық жел – «Құралайдың салқыны». Мамандар мәлім еткендей, киіктің жаппай төлдеуі 2-3 күннен әріге созылмайды.
– Менің бұларға қосарым, ақбөкен 2-3 күннің ішінде төлдеп болады. Лақтың, яғни киіктің төлі – құралайдың үстіндегі шуы, былайша айтқанда, ылғалы кеппейінше бауырын көтермейді. Міне, желдің қатты соғуы киік лағын аяғынан тік тұрғызады. Құралай деген, екінші жағынан алып қарағанда, көшпенділердің алып жүретін жорықасы, – дейді журналист-этнограф Бекен Қайратұлы.
«Құралайдың салқыны» мамыр айының 20-25 аралығы десек те, биылғы мамырдың басы ә дегеннен салқындық танытты. Ұлт ұғымындағы «Құралайдың салқыны», қалай болған күнде де, жердің жасылданып, төл біткеннің асылданар шағы. Атам, жарықтық, «Күннің салқыны кетер» деп отырушы еді… Иә, күннің салқыны сейілер. Қазақта мамыражай күндер көп болғай!
Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ



