ЕҰУ-де «Заң және Тәртіп» дәрісі өтті

Алматы ауданының прокуратурасы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Заң және Тәртіп» идеологемасын іске асыру аясында 300-ден астам студентті қамтыған ауқымды дәріс ұйымдастырды. Кездесу барысында аудан прокуроры Нұрлан Тойшыбеков жас буынның қоғамдағы жауапкершілігіне ерекше тоқталды. Ол заң мен тәртіпті сақтау – тұрақты қоғамның басты кепілі екенін ерекше атап өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
-Жастар заңды жақсы білу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Сонымен қатар, буллингтің алдын алу және кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің өсуі сияқты өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады. Құқық қорғау органдары тарапынан атқарылып жатқан алдын алу шаралары туралы ақпарат беріліп, жастарға психологиялық қолдау тетіктері түсіндірілді, -деді ол.

Шараға пауэрлифтингтен спорт шебері, Гиннестің рекордтар кітабына енген рекордшы, аудандық полиция бөлімшесінің басшысы Бауыржан Камалиев қатысып, табысқа жетудің басты шарты – еңбекқорлық пен тәртіп екенін жеткізді.
Сондай-ақ, жасөспірімдерді зиянды әрекеттерден аулақ болуға, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Дәріс барысында қылмыстық алаяқтық схемаларға тартылу қаупі кеңінен талқыланды. Студенттерге профилактикалық бейнероликтер көрсетіліп, «жеңіл ақша» табу мақсатында өз банктік деректерін үшінші тұлғаларға беру немесе сырт көзге зиянсыз көрінетін бөгде есепшоттарға қаражат аудару әрекеттерінің ауыр құқықтық салдары түсіндірілді. Құқық қорғау органдарының өкілдері мұндай әрекеттер 16 жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Кездесу еркін форматта өтіп, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, саналы әрі жауапты азамат тәрбиелеуге ықпал ететінін атап өтті.
Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ



