«Үркердегі» үлгілі мектеп

Астана қаласының Үркер шағын ауданында орналасқан №33 жалпы орта мектептің ашылғанына бір жыл толуына орай «Келешек мектебі: ата-ана мен мектеп серіктестігінде тәрбие, білім және жасанды интеллект» атты салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шара аясында мектеп қабырғасында бірқатар жаңа білім беру және тәрбие кеңістігінің салтанатты ашылуы өтті. Атап айтқанда, оқушылардың патриоттық рухы мен азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған «Азамат» клубы және ұлттық құндылықтарды дәріптейтін «Мирас» этнокабинеті өз жұмысын бастады. Қатысушылар оқушылардың техникалық және инженерлік ойлау қабілетін дамытуға арналған робототехника және STEM кабинеттерінің жұмысымен танысып, мектепте жүзеге асырылып жатқан эксперименттік жобалардың нәтижесін көрді.

– Мұнда балалар өздерінің ғылыми бағыттағы жобаларын жүзеге асырып, қызығушылық танытқан пәндері бойынша жеке бағыттарын дамытып, ғылыми жобалармен айналыса алады. Мысалы, қыздарымыз өсімдіктерге қызығушылық танытып, жылыжайда өсімдік өсіру жобасын жүргізіп жатыр. Ал бағдарламалауға қызығатын оқушы өз бағыты бойынша IT мамандығы аясында түрлі бағдарлама жазып, білігін арттыруда. Бұл – STEM бағыты, яғни ғылым, технология, инженерия және өнердің өзара біріккен заманауи бағыты. Осы пәнаралық интеграция арқылы балалар тек теориялық біліммен шектелмей, практикалық дағдыларын дамытады, зерттеу жүргізуді, жобамен жұмыс істеуді үйренеді, – дейді STEM зертханасы үйірмесінің жетекшісі Әйгерім Жұбантайқызы.
Салтанатты жиын мәдени бағдарламамен жалғасып, қатысушыларға арналған мерекелік концерт ұйымдастырылды. Концерт барысында Үркер шағын ауданына арналған әннің тұсаукесері өтті.
Мақсат ЕРКІНҰЛЫ
фото: Сұлтан СЕЙІТ



