Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқаудың жеңімпаздары анықталды

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқаудың жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
2025 жылғы 19 қыркүйекте Қарағанды қаласында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы тіл оқыту орталықтарының оқытушылары арасында дәстүрлі «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқауды» ұйымдастырды.
Байқаудың негізгі мақсаты – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасын терең меңгеріп, оны қазіргі заман талаптарына бейімдей отырып қолдану және қазақ тілін оқытудағы озық тәжірибелерді кеңінен насихаттау. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімінің негізін қалаған реформатор, ағартушы, қоғам қайраткері. Оның еңбектері тіл үйретудің теориялық негізі мен практикалық әдістемесін ұштастыратын құнды мұра болып табылады. Қазақ жазуы мен әліпбиін қалыптастырудағы еңбегі, тіл оқытудағы жаңашылдығы бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпай, жас ұрпаққа бағдар болуда.
Ашылу салтанатында Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Айнагүл Қожаназарқызы Көкен сөз сөйлеп, мемлекеттік тілді оқытудың маңыздылығына тоқталды. Байқау биыл үш кезең бойынша өткізіліп, еліміздің барлық өңірінен келген оқытушылар өзара бақ сынасты.
Қазылар алқасына филология ғылымдарының кандидаты Ермек Адаева төрағалық етті. Алқаның құрамына қауымдастырылған профессор, филология ғылымдарының кандидаты Бектұрсын Қалиев, PhD Хасен Болат, филология ғылымдарының кандидаты Айнагүл Көкен және «ӘдістемеLab» жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты Жазира Ысқақова енді.
Байқаудың марапаттау рәсімі салтанатты түрде өтіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер лайықты марапаттарға ие болды. Іс-шара барысында ұстаздардың еңбегіне құрмет көрсетіліп, Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген өнегелі сөзі ерекше атап өтілді. Жеңімпаздар арнайы диплом, алғысхаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Бас жүлдені Жетісу облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Әділбек Маржан Талғатқызы иеленді. Ал І орынды «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ оқытушысы Сембиева Гүлбану Ғарифоллақызы, ІІ орынды Жамбыл облысы «Тілдерді оқыту орталығы» КММ оқытушысы Байғабыл Айгерім Кенжеқызы және Атырау облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Жұмағалиева Айгүл Сәрсенбайқызы иеленді. Сонымен қатар ІІІ орынды Рудный қаласы әкімдігінің «Қалалық тілдерді оқыту орталығы» КММ оқытушысы Мейірімханова Нұрсыйла Мақсатқызы, Қарағанды облысы «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Смықова Әсия Даниярқызы және «Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы» ММ, «Тілдерді оқыту орталығы» КММ оқытушысы Құлекенова Зүлфат Жанболатқызы иеленді.
Ынталандыру сыйлығының иегері «СҚО әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының тілдерді оқыту орталығы» КММ оқытушысы Диана Анатольевна атанды.
Бұл байқау ұлт ұстазының мұрасын дәріптеу арқылы ұстаздардың кәсіби беделін арттырып қана қоймай, мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге бағытталған маңызды шара болды.