«ЭКОмамаФЕСТ-2026» отбасылық фестивалі өтті
Елордадағы Президент саябағында жыл сайын өтетін «ЭКОмамаФЕСТ-2026» отбасылық фестивалі ұйымдастырылды. Іс-шара Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өткізіліп отыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Фестиваль отбасылардың, репродуктолог-дәрігерлердің, қоғам қайраткерлерінің және жоба серіктестерінің басын қосты. Бағдарлама аясында концерттік қойылымдар, «Тұсау кесу» рәсімі, қайырымдылық аукционы, отбасылық белсенді іс-шаралар, балаларға арналған ойын-сауық аймағы, балалар тауарларының жәрмеңкесі, сондай-ақ ұзақ уақыттан кейін сәби сүйген отбасылардың өмірлік оқиғалары ұсынылды.
Фестивальдің негізгі сәттерінің бірі – «Аңсаған сәби бағдарламасына алғыс!» атты жазуы бар мерекелік торттың шығуы. Бұл рәсім бала сүю үшін медициналық көмекке мұқтаж отбасыларға көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдауға деген алғысты білдірді.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, медициналық қауымдастық мүшелері, қоғам қайраткерлері және медиа тұлғалар құрметті қонақ ретінде қатысты.



