Құқық

Астанада жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу жұмысы күшейтілуде

Астана қалалық психикалық денсаулық орталығында нашақорлықтың алдын алу мәселелері талқыланды. Іс-шараға психологтар, әлеуметтік педагогтар және елордалық полиция департаментінің қызметкерлері қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жиын Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылып, жастар мен кәмелетке толмағандар арасындағы есірткіге байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға арналды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, соңғы бірнеше жылда психобелсенді заттарды қолданатын пациенттер саны артқан.

«Мұндай пациенттер өздерін бейәдеп, мазасыз ұстап, өзіне де, айналасындағыларға да агрессия көрсетуі мүмкін. Сондықтан оларды оқшаулап, стационарлық емде ұстау қажет болады. Пациенттерге қажетті дәрілік препараттар тағайындалады. Кейін олардың жағдайы тұрақталған соң әрі қарай емдеу бөліміне ауыстырылады. Бірінші кезең – ағзаны уытсыздандыру терапиясы, екінші кезең – оңалту және психотерапиялық жұмыс. Мұның бәрі қалалық психикалық денсаулық орталығында жүргізіледі», – деді қалалық психикалық денсаулық орталығы директорының медициналық бөлім жөніндегі орынбасары Алмагүл Айтжанова.

Астана қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Әлия Қибатқызы нашақорлыққа қарсы күрестегі ведомствоаралық топ жұмысы туралы айтты.

«Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу айлығы аясында біз жыл сайын психологтардың және осы бағытта жұмыс істейтін мамандардың қатысуымен акция өткіземіз. Бүгін ювеналды полиция қызметкерлерін де оқытуға шақырдық, себебі олар мектептерде тікелей жұмыс істеп, дәріс оқиды және түрлі іс-шара ұйымдастырады.

Қатысушылардың барлығы – елорда әкімдігі жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі ведомствоаралық штаб мүшелері. Біз күш біріктіргенде ғана қаламызды есірткіден тазартуға мүмкіндік бар», – деді ол.

Оның айтуынша, заңсыз айналымнан 100 келіден астам түрлі есірткі тәркіленген. Бұрын есірткі қолдан қолға сатылса, қазір ол интернет-ресурстар арқылы таратылады.

«Біз бұған қарсы күрес жүргізіп жатырмыз. Осындай қылмыстарды анықтайтын арнайы жедел топтар құрылған. Сонымен қатар жыл басынан бері есірткі сатумен айналысқан 600-ден астам сайт бұғатталды», – деді Әлия Қибатқызы.

Іс-шара барысында дәрігерлер де баяндама жасады.

«Нашақорлыққа қарсы жыл сайынғы конференциялардан бөлек, біз университеттерде профилактикалық дәрістер өткіземіз. Бұл – жастармен кездесулер, түсіндіру жұмысы, түрлі акциялар. Жастар мұндай алдын алу жұмысын оң қабылдайды», – деді Астана медицина университеті психиатрия және наркология кафедрасының ассистенті Тоқтар Қойшыбеков.

Ал басқару колледжінің педагог-психологі Бекзат Исайынова ата-аналар балалардағы есірткіге тәуелділіктің алғашқы белгілерін қалай байқай алатынын түсіндірді.

«Бұл – ұйқышылдық немесе керісінше агрессия. Кейбіреуінде тәбет жоғалса, енді бірінде керісінше күшейеді.

Бала арықтап кетуі мүмкін, өңі бозарып, көзі шытынап тұрады.

Мұндай жағдайда балаларға өте сақ болу қажет. Көп жағдайда олар есірткіні қызығушылықпен байқап көреді», – деді ол.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button