Әлеумет

«Бөпе Fair Astana» отбасылық фестивалі өтті

Елордадағы «Жетісу» саябағында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған жыл сайынғы үш күндік «Бөпе Fair Astana» отбасылық танымдық-ойын-сауық фестивалі басталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Фестивальді «Жетісу» саябағының әкімшілігі ұйымдастырған. Іс-шара 2017 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді.

«Бұл – отбасылық фестиваль. Жоба отбасы институтын нығайтуға, ұлттық құндылықтарды сақтауға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Биыл біз «Ертегі әлемі» тақырыбын таңдадық. Аумағымыздың әр жерінде түрлі мультфильмдерге арналған инсталляциялар мен арнайы аймақтар қойылған. Саябақ аумағы бес аймаққа бөлініп, әрқайсысы өз тақырыбына сай безендірілді», – деді саябақ басқарушысы Нұрия Сәдуақасова.

Фестиваль бағдарламасы өте мазмұнды. Әр күн «спорт аймағында» басталып, кейін өзге аймақтарда жалғасады. Мысалы, «Этноаймақта» келушілер ұлттық спорт түрлерін ойнап, қазақ халқының мәдениетін тереңірек біле алады.

Кешке қарай бояулар шоуы ұйымдастырылып, ашық аспан астында екі мультфильм көрсетіледі. Іс-шара «Шарын» шатқалының инсталляциясы жанында өтеді. Көрсетілім шамамен сағат 19:00-де басталады.
«Бағдарлама үш күнге – 30 мамырдан 1 маусымға дейін жоспарланған. Бізде тек ойын-сауық емес, білім беру және дамытушы бағыттағы бағдарламалар да бар. Бүгін елорданың Қан орталығының мамандары донорлықтың маңызы туралы айтып береді. Ертең құтқарушылар шеберлік сабағын өткізеді. Олар судағы қауіпсіздік пен төтенше жағдайларда өзін қалай ұстау керектігі жөнінде түсіндіреді», – деп қосты спикер.

Саябақта ерекше балаларға арналған «Жансая» түзету орталығы тәрбиеленушілерінің жұмыстары қойылатын арт-аймақ та ұйымдастырылады. Сонымен қатар балалар өздері бояй алатын үлкен нөмірленген бояу инсталляциясы орнатылады.

«Баршаңызды күтеміз. Фестиваль балалары бар отбасылар үшін ғана емес, жасөспірімдер үшін де қызықты болады. Оларға және ата-аналарына пайдалы дәрістер, шеберлік сабақтары мен кеңес беру алаңдары әзірленді. Сондай-ақ ерекше цирктік және акробатикалық шоу, «Арбалар шеруі» (балалар арбаларының шоуы) ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, эстрада жұлдыздары мен балалардың вокалдық-би ұжымдарының қатысуымен ауқымды концерт өтеді», – деді Нұрия Сәдуақасова.

Сонымен қатар фестиваль аясында отандық шағын және орта бизнестің 30-дан астам өкілі өз өнімдерін ұсынады.

Қонақтардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін фестиваль аумағында медициналық орталық пен арнайы қауіпсіздік қызметтері жұмыс істейді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button