Мәдениет

М. Горький атындағы театр ұжымы ұлттық мәртебе беру туралы шешімі үшін Мемлекет басшысына алғыс білдірді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде Астанадағы Максим Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрына «ұлттық» мәртебе беру туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді. Театр ұжымы бұл бастаманы отандық мәдениетке көрсетілген жоғары құрмет әрі шығармашылық қауымдастықтың көпжылдық еңбегіне берілген жоғары баға ретінде бағалап, Мемлекет басшысына алғыс білдірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Максим Горький атындағы театр – еліміздегі көне мәдени ошақтардың бірі. Биыл театрдың құрылғанына 125 жыл толып отыр. Ұжымның айтуынша, Президенттің театрға «ұлттық» мәртебе беру туралы шешімі шығармашылық ұжым үшін тарихи оқиға әрі ұзақ жылғы еңбектің заңды нәтижесі.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың театрымызға «ұлттық» мәртебе беру туралы шешімі біз үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Бұл – ұжымның көпжылдық еңбегі мен шығармашылық ізденістеріне берілген жоғары баға. Осы орайда театр ұжымы атынан Мемлекет басшысына шынайы алғысымызды білдіреміз», – деді театр директоры Ғани Кәрімов.

Бүгінде театр қазақ драматургиясының үздік туындыларын орыс тілінде сахналау арқылы ұлттық мәдениетті кеңінен насихаттап келеді. Театр репертуарында «Шыңғыс хан», «Хан Кене», «Томирис – сақ патшайымы», «Соңғы тәубе», «Әлия», «Сәкен Сейфуллин» секілді тарихи тұлғалар мен ұлттық құндылықтарды арқау еткен қойылымдар бар.

Сонымен қатар театр халықаралық деңгейде де Қазақстанның мәдениетін танытып жүр. Ұжым SAMGAU фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алып, «Ресейдегі кездесулер», «Алтын Витязь» секілді беделді фестивальдерде табысты өнер көрсетті. Сондай-ақ Сербия, Қытай, Испания және Венгрия елдерінде өткен халықаралық жобалар мен гастрольдік сапарларға қатысып, қазақстандық театр өнерін шетел көрермендеріне таныстырды. 2023 жылы театр UMAI ұлттық сыйлығының «Үздік драмалық спектакль» аталымын жеңіп алған болатын.

Театр директорының сөзінше, болашақта берілетін ұлттық мәртебе шығармашылық ұжымның мүмкіндіктерін кеңейтіп, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға жол ашады. Бұл шетелдік режиссерлермен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, халықаралық фестивальдер мен гастрольдік бағдарламаларға жиі қатысуға, сондай-ақ театрға танымал өнер мамандарын тартуға мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта театр қазақстандық авторлармен жұмысты күшейтіп, заманауи драматургияны дамытуға, жас шығармашылық иелерін қолдауға және көрерменге ұсынылатын қойылымдардың мазмұны мен сапасын одан әрі арттыруға басымдық бермек. Сондай-ақ халықаралық мәдени байланыстарды кеңейту және театрдың техникалық мүмкіндіктерін жаңғырту жұмыстары жалғасады.

«Ұлттық мәртебе – өткен жолымызға берілген баға ғана емес, болашаққа артылған үлкен жауапкершілік. Біз алдағы уақытта да көрермен сенімін ақтап, Қазақстанның театр өнерін халықаралық деңгейде таныту жолында аянбай еңбек ете береміз», – деп қорытындылады Ғани Кәрімов.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button