Тұрғындарды не толғандырады?

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қалалық мәслихат депутаттарымен кездесіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын талқылады.
Жиында әрбір тұрғынды толғандыратын негізгі мәселелер қаралды. Соның бірі – әлеуметтік-экономикалық даму. Осыған байланысты елорда экономикасы тұрақты өсімді көрсетіп отырғаны, бюджет кірістері жоспардан асқаны айтылды. Бұл өз кезегінде әлеуметтік жобаларға – мектептерге, балабақшаларға, медицинаға және абаттандыруға көбірек қаржы салуға мүмкіндік береді.
Президент үш жылдың ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыруды тапсырғаны белгілі. Ал Астана үшін бұл – «ақылды» сервистерді енгізу, электрондық мемлекеттік қызметтерден бастап, көлік пен қауіпсіздікті интеллектуалды басқару жүйелеріне дейінгі жұмыстар.
Жиында шағын және орта бизнесті қолдау шаралары, жаңа өндірістерді ашуға жағдай жасау мәселелері талқыланды. Соның ішінде жаңа жұмыс орындарын ашу мен тұрғындардың табысын арттыруға назар аударылды.
Жолдауда айтылған тұрғын үйлердің сапасы, инженерлік желілер және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы ашықтыққа ерекше көңіл бөлінді. Талқыланған мәселелердің бірі – «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы. Атап айтқанда, аулаларды көгалдандыру, көшелерді абаттандыру, ауаның және судың тазалығын бақылау туралы айтылды. Отырыста қоғамдық көлікті дамыту және жол-көлік апаттарын азайтуға арналған жаңа шешімдер сөз болды. Ақылды бағдаршамдар мен заманауи жаяу жүргіншілер аймақтары жөнінде әңгіме қозғалды.
Сондай-ақ кездесуде депутаттар сайлаушыларды толғандыратын мәселелерді көтерді. Соның ішінде аумақтарды абаттандыру, тұрғын үйлер салу, инженерлік инфрақұрылым құру және тағы басқа бағыттар болды.