14 тамыз – Жауынгерлік дайындық мамандарының күні

Жыл сайын Қарулы күштерде 300-ден астам ірі оқу-жаттығулар өткізіледі. Олардың қатарында «Айбалта» стратегиялық, «Қаратау», «Батыл тойтарыс» сияқты жедел-тактикалық және кешенді оқу-жаттығулар бар. Бұл жаттығулар Қарулы күштердің барлық түрлері мен әскер тектерінің өзара іс-қимылын шынайы жауынгерлік жағдайға барынша жақын пысықтауға мүмкіндік береді.
Жауынгерлік дайындық жүйесіне қос мақсатты мамандықтар бойынша оқыту да кіреді. Бұл мамандықтар армияда ғана емес, азаматтық салада да жоғары сұранысқа ие. Атап айтқанда, олардың қатарында байланысшылар, инженерлік-саперлік қызмет, әскери медицина, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс, бронетехниканы басқару және авиациялық техниканы техникалық қамтамасыз ету бар.
Жыл сайын жауынгерлік дайындық аясында 15 мыңнан астам кәсіби маман – офицер, сержант, сарбаз және техникалық сарапшы даярланып шығады. Бұл тәсіл әскери кадрлардың әмбебаптығы мен олардың азаматтық өмірдегі бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді.
Министрлік жүзеге асырып жатқан маңызды жобалардың бірі – «Sarbaz 2.0» бағдарламасы. Аталған бағдарлама аясында жауынгерлік дайындықта жоғары нәтиже көрсеткен әскери қызметшілер ұлттық бірыңғай тестілеусіз және емтихансыз жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігіне ие болады. Бұл сарбаздар үшін жеке тұлғалық және кәсіби дамуға жол ашатын маңызды ынталандыру құралы болып отыр.
Қазақстан армиясындағы жауынгерлік дайындық жүйесінің негізін қалағандар қатарында генерал-майорлар Юрий Курматов, Дамир Халиков, Нұрлан Жоламанов, Асқан Тасболатов, Алмаз Асенов, Талғат Қойбақов, Әлімжан Ерниязов, Тимур Әбішев, Алмаз Жұмакеев, Дәулет Оспанов, полковниктер Камил Урманов, Владимир Медведев, Нышанәлі Күзербаев, Хайрулла Ильясов және басқа да есімдері елге белгілі әскери басшылар бар.
Бүгінгі күні ҚР Қарулы күштері Бас штабының Жауынгерлік дайындық департаментін генерал-майор Анатолий Довганюк басқарады. Бұл сала мамандарының тәжірибесі мен Отан алдындағы адалдығы – Қазақстан армиясының кез келген жағдайда өз борышын абыроймен атқара алатынына кепіл.