Q&A сессия: Заң мен тәртіп және инклюзивті білім

Астанадағы №104 мектепте «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасына және «Инклюзивті білім беру» стандарттарына сәйкес елорданың жетекші білім беру ұйымдары басшылары және Қазақстанның ғалым-сарапшыларының қатысуымен Q&A сессиясы өтті.
Педагогтерге заңға құрмет, әділдік пен тәртіп туралы терең ой салып, құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған іс-шараға елордалық білім саласының мамандары мен құқыққорғау органдарының өкілдері қатысты. Сессияның негізгі спикерлерінің бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарынң докторы, профессор, Астана қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі Есберген Алауханов бала тәрбиесінде мектептің алатын рөліне тоқтала келе, оқу орындарындағы білім мен тәрбие беру бағдарламасына ерекше көңіл бөлу керектігін атап өтті. Елордадағы жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен тәртіп жағдайы туралы статистикалық деректер келтірді.
Qamqor.gov.kz порталындағы ресми деректерге сәйкес 2024 жылғы қаңтар-қазан аралығында кәмелетке толмағандарға қарсы 3000-нан астам қылмыс тіркелді. Бұл – 2023 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 37% артық. Балаларға қарсы қылмыстың жартысы жеке тұлғаға қатысты, соның ішінде жыныстық сипаттағы қылмыстар өсуі 61%. 820-дан астам бала жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған. 2025 жылғы қаңтар-сәуір аралығында жасөспірімдер арасында 771 қылмыс тіркелді, оның 376-сы ауыр, 24-і аса ауыр қылмыстар.
-Кәмелетке толмағандардың әр төрт қылмысының біреуі топпен жасалған. Әр 8 оқушының біреуі бұған дейін сотталған. Қылмыс жасаған жасөспірімдердің 50%-дан астамының еш жерде оқымаған немесе жұмысы жоқ екені анықталды. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваның мәліметі бойынша Қазақстанда күніне балалардың қатысуымен 5 қылмыс болады. Қазақстан ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Әсет Оспановтың айтуынща, Қазақстандағы жасөспірімдер қылмысы соңғы бес жылда шамамен 30%-ға төмендеді. Ал 2025 жылы кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстар 21% кеміді, – деді Е. Алауханов.
ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика басқармасының мәліметі бойынша 2025 жылғы қаңтар–маусым аралығында кәмелетке толмағандарды қудалау фактілері бойынша 202 іс тіркелді.
-Астана қаласында 2024–2025 жылдары жасөспірімдердің қатыгездігі мен зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты бірнеше алаңдатарлық оқиғалар орын алып, қоғам назарын аударды. Сондықтан, бұл мәселені дұрыс әрі нақты шешу үшін аймақаралық және нақты бағытталған шаралар қабылдау өзекті, – дей келе спикер елордадағы жасөспірімдер арасындағы агрессия мен зорлық-зомбылық туралы да деректер келтірді.
Е. Алауханов бұл оқиғалар жасөспірімдер арасындағы агрессия мен зорлық-зомбылықтың қоғамда кең таралған және күрделенген тенденциясын көрсететінін атап өтті. Себебі мұндай оқиғалар мектептерден бастап университеттерге дейін жетеді. Оған себеп болатын жағдайлар сан алуан, яғни тұрмыстық жанжалдар, жеке қарым-қатынастағы шиеленістер, жүйелі буллинг, пышақпен қаруланған шабуылдар әсер етеді. Оның айтуынша, қауіп факторларының бірі – жеткілікті профилактиканың болмауы, ата-аналар мен мектептердің арасындағы қарым-қатынастың төмендігі және жасөспірімдердің әлеуметтік-психологиялық жағдайына аз көңіл бөлінуі.
Заңгер қорқыту және буллинг фактілері жиі жасырын қалып, тергеуге жеткізілмейтінін алға тартты. Қоғам мен әкімшіліктер кейде кеш әрекет етеді, зардап шегушілерді дұрыс қорғамайды. «Бұл оқиғалар — тек құқықтық емес, әлеуметтік, психологиялық, педагогикалық қиындықтардың көрінісі» деді ол.
Осындай мәселелерді шешу үшін ол мектептер мен колледждерде құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқықтық ағартушылықты профилактика жүйесіне енгізу, зардап шеккендерге де, агрессорларға да, куәгерлерге де әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету, эмпатия, диалог және құрмет мәдениетін бастапқы сыныптан қалыптастыру, отбасы, мектеп, құқық қорғау және әлеуметтік органдарды біріктіре отырып, қауіп факторы салдарын жеңілдету жүйесін құру қажеттігін ұсыныс етіп айтты.
Екінші спикер Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Білім жоғары мектебі, «Педагогика» кафедрасының меңгерушісі, инклюзия маманы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Марзия Асылбекова білім беру саласында инклюзивті және жайлы орта қалыптастыру жайына тоқталды. Оның айтуынша, республикада 492 арнаулы білім беру ұйымдары жұмыс істейді, оның ішінде 104 психологиялық–медициналық–педагогикалық консультациялар, 218 психологиялық–педагогикалық түзету кабинеті, 99 арнаулы мектеп, 48 арнаулы мектепке дейінгі ұйым, 13 оңалту орталығы, 10 аутизм–орталығы бар.
Райхан Рахметова
Сурет: Сұлтан Сейітов