«Қазақконцерт» маусымды қорытындылады

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы «Grand fest» музыкалық фестивалі аясында бірқатар концерттік бағдарлама ұсынып, 64-концерттік маусымын аяқтады.
Концерттік маусым өткен демалыстарда қос концертпен түйінделді. Алғашқысы астанадағы амфитеатрда ашық аспан астында өткен «Біздің жәрмеңке» ұлттық өнер мерекесін «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы ұйымдастырды. Концертте қазақтың халық әндері мен халық композиторларының мұрасы, ұлттық аспаптар насихатталды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Құмарбек Қалқатай, Ерболат Шалдыбеков, Раушан Оразбай, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Асқар Мұқият, Күнсұлу Түрікпен, Мәдениет саласының үздіктері Қайрат Айтбаев, Перизат Тұрарова, Мақсат Медеубек, Бауыржан Бекмұханбет, Мәдениет қайраткері Толғанбай Сембаев, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Аяулым Қамажан, Венера Табыс, Ақерке Тәжібаева, Бауыржан Мұхаметбай, Жанту Дадабаев, Дарын Құдайберген, Әлихан Дүйсенбай, Біржан Айтахмет, Дәрия Бекпенбетова, Жасұлан Кәрімов өнер көрсетті. Сондай-ақ «Astana sazy» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «Birlik» ансамблі қатысты.
Ал «Қазақконцерттің» 64-концерттік маусымын гала-концерт қорытындылады. Бұл кеште танымал отандық эстрада әншілері, белгілі сахна шеберлері мен жас таланттар бас қосып, ашық аспан астында кең көлемді музыкалық шоу ұсынды.
Концерттік бағдарламада танымал композициялар, заманауи аранжировкалар, оркестрлік сүйемелдеу және ашық аспан астындағы мерекелік атмосфера ұсынылды. Ел есінде сақталған сүйікті әндер жаңаша әрленіп, жанды орындауда көрерменге жол тартты. Олардың қатарында «Сәлем саған, туған ел», «Жан досым», «Ақ дариға», «Қазақ елі», «Желсіз түнде жарық ай», «Ахау керім» сынды халық жүрегінен орын алған туындылар бар.
Концертке «Қазақконцерттің» танымал солистері мен шығармашылық ұжымдары қатысты. Атап айтқанда, Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сүлеймен Ибрагимов, Құрмаш Махан, Клара Төленбаева, Гүлсім Мырзабекова, Азамат Жылтыркөзов, Бибігүл Жанұзақ, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегерлері Алтыншаш Мұқатаева, Анна Уварова, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Перизат Тұрар, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Азат Мәлік, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Дәрия Бекпембет, Аяулым Қамажан, Дидар Абдухалық, Ақбөпе Әлібекова, Асылхан Шалқаров, Ербол Тәжібаев, Нұрсұлтан Әнуарбек, Нұрсезім Саматқызы, сондай-ақ Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі, «Гүлдер» және «Бірлік» ансамбльдері, «Turan» этно-фольклорлық ансамблі, «Saz&Soul» тобы және «Astana Musical» мемлекеттік театры өнер көрсетті.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ