Ел тынысы

Тамақ өнеркәсібін дамыту мәселесі талқыланды

Астанадағы Халықаралық «EXPO» көрме орталығында InterFood Astana арнайы көрмесінің аясында Қазақстанның тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібін жедел дамыту мәселелеріне арналған пленарлық сессия өтті. Іс-шара барысында саланың орнықты дамуының негізгі бағыттары талқыланды.

Сессия жұмысына Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директор міндетін атқарушы Жеңіс Тайшытаев қатысты. Өз сөзінде ол тамақ өнеркәсібін дамытудағы өзекті мәселелер мен мүмкіндіктерге тоқталып өтті. Оның айтуынша, шағын және орта бизнес өкілдері бюрократиялық кедергілерге жиі ұшырайды. Рұқсат беру құжаттарын, лицензиялар мен келісімдерді алу рәсімдері көп уақытты талап етіп, нормативтік актілерді терең білуді қажет етеді. Бұл жағдайлар кәсіпорындардың нарыққа шығуын қиындатып, қолданыстағы өндірістердің кеңеюін тежейді.

Қаржыландыруға қол жеткізу мәселесі де өткір күйінде қалып отыр. Қолжетімді және ұзақ мерзімді несиелердің жетіспеушілігі, пайыздық мөлшерлемелердің жоғары болуы, инвестиция тарту мүмкіндіктерінің шектеулілігі бизнеске өндірісті жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу және экспорт нарығына шығу жолында кедергі келтіреді.

Шетелдік өнімдер әлдеқайда арзан әрі қолжетімді болғандықтан, ішкі нарықта елеулі үлесті иеленіп отыр. Жергілікті өнімдердің сапасы мен балғындығы жоғары болғанымен, баға бойынша бәсекелесу қиынға соғады.

Саланың тағы бір күрделі мәселесі – білікті кадрлардың тапшылығы. Заманауи білім мен құзыреттерге ие мамандардың жетіспеушілігі тамақ өнеркәсібінде инновациялық тәсілдерді, цифрлық шешімдерді және қауіпсіздік стандарттарын енгізуді тежейді.

Соған қарамастан, сессияға қатысушылар тамақ өнеркәсібі саласының дамуында зор мүмкіндіктері бар екенін атап өтті. Экологиялық таза және табиғи өнімдерге деген сұраныс артып отырған қазіргі жағдайда отандық өндірушілер ішкі ғана емес, сыртқы нарықта да өз орнын алуға лайық. Соңғы жылдары цифрлық шешімдерді енгізу, өндірісті автоматтандыру және онлайн-сауданы дамыту бағытында оң серпін байқалып отыр, бұл компанияларға тиімді жұмыс істеуге және тұтынушыға жақындай түсуге жол ашады. Мемлекеттік және институционалдық қолдау шараларына да ерекше назар аударылды. Елде субсидиялау бағдарламалары жүзеге асырылып, жеңілдетілген несиелер мен гранттар ұсынылады.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы бизнес-жоспарлар әзірлеу бойынша кеңестер беріп, мемлекеттік қолдау тетіктерінде бағдар беріп, нарықтық үрдістер мен заңнамалық өзгерістер туралы ақпараттандыру жұмыстарын жүргізеді.

Ерекше назарға іліккен жобалардың бірі – «Бір ауыл – бір өнім» бастамасы. Бұл жобаны «Атамекен» ҰКП іске асыруда. Мақсаты – жергілікті шикізаттан бәсекеге қабілетті өнім шығару және ауылдық аумақтарды дамыту.

Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар саланы тиімді дамыту үшін мемлекет пен бизнес арасындағы ашық және тұрақты диалогты сақтау қажет деген ортақ пікірге келді.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button