Мәдениет

«Музей түні»: көрермендер көп келді

Астанада Халықаралық музейлер күніне орай ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Музей түні» өтті. Ашылу салтанатында министр Аида Балаеваның арнайы құттықтауы оқылып, музей саласында ұзақ жыл еңбек етіп жүрген үздік мамандар марапатталды.

Соңғы 10 жылдан бері дәстүрге айналған акцияға жыл сайын қатысушылар саны ұлғайып келеді. Бұл ел азаматтарының музейге деген көзқарасының өзгергенін, мәдени-рухани дүниеге қызығушылықтың артқанын айқын көрсетеді.

«Ерекше кеш ұлттық мұрамызға, төл тарихымыз бен мәдениетімізге деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, музей кеңістігін заманауи мәдени платформа ретінде тануға жол ашады. Мазмұнға бай бағдарлама түрлі жас санатына байланысты келушілерге пайдалы уақыт өткізуге мүмкіндік беріп отыр» деді музейді тамашалауға келген елорда тұрғыны, мәдениеттанушы Данияр Ахметұлы.

Күндіз мектеп жасына дейінгі балаларға арналған «Балдырған гид» жобасы, «Мирас» үйірмесінің экскурсиясы және «Күміс жас» жобасы шеңберінде Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қатысуымен экскурсия ұйымдастырылса, «Жәдігерлер сөйлейді» театрландырылған экскурсия аясында «Алтын адам» мен ежелгі ханшайымдардың бейнесіндегі кейіпкерлер көрермен көзайымына айналды. Сонымен қатар «Дала әуен­дері» атты этно-DJ-сет ескі әуендерді заманауи ритммен ұштастыра отырып, бүгінгі жастардың көңілін бір серпілтті. Одан бөлек, «Ұлы дала. Тарих. Гравюра» көрмесі, «Асыл мұра» көрмесі , «Қолөнершілер жәрмеңкесі» мен зергерлік бұйымдар, керамика, мата, кілем және киіз бұйымдарын қалпына келтіру бойынша шеберлік сабақтары келушілерді аталмыш өнердің қыр-сырымен жақын танысуға мүмкіндік берді. Мәселен, «Жан біткен жәдігерлер» квест-сабағы мен «Музейдегі түн» квест-ойыны келушілерге тарихи жұмбақтарды шешуге, өнер мен мәдениетке жаңаша көзқараспен қарауға ықпал етті. Ал концерт бағдарламасы аясында Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның симфониялық және үрмелі аспаптар оркестрі, Бірлескен мұражайлар дирекциясына қарасты Ұлттық өнер мұражай бөлімі және «Joshy Qazaq National Group» этно-фольклорлық ансамблі, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академия­лық концерттік ұйымының «Гүлдер» ансамблі өз өнерін ұсынды.

Мәдени кештің қызықты жобаларының бірі – «Жұлдызды гид». Бұл формат аясында елімізге танымал тележүргізушілер музей залдарын аралатып, келушілерге ерекше шолу экскурсияларын ұсынды. Аталған жобаға әріптесіміз, «Elorda Aqparat» ұжы­мының директоры Олжас Сыдықбек те қатысты. Ол «Ежелгі және орта ғасыр тарихы» залы бойынша әсерлі әрі мазмұнды экскурсия жүргізіп, келушілерді қазақ даласының көне дәуірден орта ғасырларға дейінгі бай тарихымен таныстырды. Көпшілікке заманауи форматтағы бұл таныстыру үлкен әсер қалдырды.

«Музей түні» – бұл жай ғана көрме емес, ұлттық сана мен тарихи жадыны жаңғыртудың жаңаша жолы. Әсіресе жастар үшін музейді ресми мекеме емес, мәдени диалог алаңы ретінде таныту – жобаның басты жетістігі.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button