Басты ақпаратҚоғам

80 күндік Шорға шайқасы

Атақты Шорға шайқасы – адамзат тарихында орын алған Бородино, Аңырақай, Орбұлақ шайқасы сияқты биік батырлық белгісі. Алайда бұл шайқас өткен тарихи-географиялық аумақ қазіргі таңға дейін дәріптеліп, ескерілмей отыр.

Жоңғарлар Тарбағатай өңірін басып алып, жергілікті халықты Қалбаға қарай босытып жіберген. Осындай қиын кезеңде қазақтың 27 батыры төніп келген дұшпанға бірге тойтарыс береді. Шегінген жау қазіргі Қабанбай ауылының маңындағы Шорға деген жердегі қалың талдың арасын паналап, 80 күн бойы беріспей жатып алған екен. Міне, осы шайқаста Барақ асқан ерлік көрсеткен. Яғни осындағы Барақтың ерлігі «Барақ батыр, Абылай» жырына, Қабанбайдың батыр­лық істері «Қабанбай батыр» жырына арқау болуы – әбден орынды жағдай. Екі жырдағы батырлардың бірге жүруіне 80 күнге созылған осы Шорға соғысы себепші болған.

Жауды тойтарған 27 батыр­дың ерлігі туралы ел аузында айтылған осы деректерді тарихи мәліметтер де растай түседі. Мәселен, тарихшылар К.Аманжолов пен А.Тасболатовтың «Қазақстанның әскери тарихы» атты еңбектерінде төмендегідей нақты деректер беріледі: «Қолда бар архив материалдарына сүйенсек, мыңдықтан әскер құраған 29 сардардың, батырлардың руы мен есімі түгел толық келтірілген. Олардың ерлік істері аталмыш жырда шебер суреттеліп, жеріне жеткізіле мадақталады. Осындағы Абылай ханның, Қабанбай батырдың халық тарихындағы орны – дәлелдеуді қажет етпейтін фактілер. Ал Керей, Жәнібек, Саты, Дәулетбай, Саржомарт, Танаш сынды от жүректі өрендер – Қалба,Тарбағатай, Алтай маңында, жоғары Ертіс бойында қалмақпен болған ұрыстарда қайсарлығымен танылған халық батырлары. Ал жырдағы қарт Бөгенбай батырдың есімі тарихи дәлелдеуді қажет етпейді деген ойдамыз.

Дәл осы оқиғаны тарихи тұрғыдан растай түссек, «Қаракерей Қабанбай әскері Тарбағатай тауы мен Қанды су өзені бойында жоңғар әскерін талқандап, Шілік асуымен Зайсан көліне дейін жоңғарлардың ізіне түсіп, Шитөбе, Талдыаралды азат етіп, соңғы қанды шайқастарын қазіргі Үлкен Қаратал, Көкқошқар, Кендірлік, Аққол деген жерлерде жеңіспен аяқтады. Сөйтіп, Зайсан жерінде қазақ халқы ғасыр бойы созылған күресін жеңіспен аяқтады» деген дерекке жолығамыз.

80 күнге созылған бұл соғыс қалай өрбіп, қалай аяқталғанына келейік. Зейнолла Сәнік, Бейсенғали Садыханның «Қаракерей Қабанбай» атты кітабындағы «Шорға соғысы» атты мақала деректеріне жүгінсек, қалмақ-қазақ жағы ит пен мысықтай аңдысқан кезеңде Байжігіт елі 1754-1755 жылдары Шорға өңіріне орналасыпты. Тама батырдың басшылығындағы 1 мыңдай адамы бар жасақ жау жақ шепке қойылса керек. Бірақ Алтайдағы Алқа-білезікке бекінген қалмақтар жансыз жіберіп, қазақ қосындарының ішкі жағдайын біліп алады. Содан кейін қазекеңнің бейқамдығын пайдаланып, мол жасақпен келеді. Олар алдымен Орқашарда жатқан Тама батыр мен Назарғазы төренің екі мыңнан астам жылқысын қолды етіп, жылқышыларын өлтіріп кетеді. Мұнымен тынбай, Тарбағатай өңірінде тыныш жатқан елге зобалаң туғызып, осы өңірді басып алады. Қазақтардың қалған-құтқаны бас сауғалап, Қалба тауына босып кетеді. Осы қайғылы жағдайды Дәулетбай Қабанбайға жеткізген соң, ол шайқастарда жүрген барлық қазақ батырына үндеу жолдайды.

Қабанбай баһадүрдің үндеуін қолдап, әр шалғайдан 27 батыр жиналады. Шорға соғысына екі жақтан қанша адам қатысқаны туралы нақты дерек жоқ. Бірақ бұл ұрысқа қазақ-жоңғар со­ғыстарында сыннан өткен ең таңдаулы әскери құрамалар мен жаужүрек батырлар қатысқаны күмән туғызбайды.

«Заманында Алшынбай ақын осылай жырлаушы еді» деп бұл рухани мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізген Кәрібай ақын Шорға шайқасына қатысқан қазақ ­батырларын былай дәріптейді:

Қабанбай, Ер Бөгенбай,

Батыр Барақ,

Уалы сүйегі уақ батыр

Бармақ.

Бердіқожа, Қасабай,

батыр Жантай,

Қаз Дауысты Қазыбек

өңкей саңлақ.

Баймұрат, Райымбек,

батыр Тентек.

Барлығы жауға кеткен

кегін алмақ.

Қосай, Тама, Дәулетбай,

батыр Шөрек.

Барлығына Қабанбай

қолбасы боп,

Айқастық ата жаумен

бірнеше рет.

Қалмаққа келіп тидік

Шорғадағы,

Бұл жолы кем болмады

олжа жағы.

Ер Барақ, батыр Жаман,

Орақбайдың,

Аққан қан қылышынан

 сорғалады.

Осы жырдағы аттары атал­ған қазақ батырларының елі­міздің әр түкпірінен келгені аңғарылады. Қанжығалы Бөгенбай Арқадан, батыр Райымбек оңтүстіктен ат терлетіп келіп, Шорға шайқасында ата жауын қирата жеңіп, Шорға жазығында табандарының ізі қалғаны да таңдандырады.

Сонымен қатар Шорға соғысында ерлік көрсеткен Кенже, Қарасай сияқты жас батырларды атай кеткен орынды. Қарасай батыр қалмақтың Шаған атты әккі, жырынды батырын жайратып тұрып, өзі де сол жекпе-жекте көз жұмған екен. Шорға шайқасы туралы белгілі тарихшы-ғалым Кәмен Мамыр­ұлы марқұмның «Қазақ халқының Жоңғар басқыншыларына қарсы күресі» атты монография­сында, Александр Барт, Айдын Сахановтың «Казахстанская правда» газетінің 1994 жылғы 5 наурыз күнгі нөмірінде жарық көрген «Битва при Шорге» атты мақаласынан мынандай бір үзінді келтіріпті:

«…Жоңғарлардың алауыздығын пайдалана отырып, Қаракерей Қабанбай батыр 1753-1755 жылдары Алтай, Қалба өңірінен жат жұрттықтарды қууға және қазақтардың үш айға созылған Шорға соғысында жоңғарларды күйрете жеңуге жол ашты. Осы соғыстың нәтижесінде Маңырақ, Сауыр таулары, Шілікті жазығы қазақтарға қайтарылып, жоңғар басқыншыларынан азат етілді».

Шорға жазығындағы 80 күндік соғыс қазақ халқының, ұлт қаһармандарының ел мен жер тағдырын батыл шешіп, халқын, жерін қорғай алатынын дәлелдеп, береке-бірлігін көрсете білді. Бұл соғыс қазақ-қалмақ шайқасының ең шешуші кезеңі болды, яғни кім жеңеді – сол ел қалпында қалады, кім жеңіледі – ол қайтып ел қалпына келе алмайды. Аталған шайқасқа екі жақтан сан мыңдаған сарбаз қатысты. Ер азаматтардан бөлек, әйел адамдар да жасақ құрып, қолына қару алды (мысалы: Назым, Жәнделі, т. б.).

80 күнге созылған Шорға шайқасы қазақ тарихынан әлі өз бағасын толық ала алмай жүр.

Қайрат АЙТҚОЖИН,

педагог-зерттеуші

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button