Қоғам

Жастармен жұмыс қалай жүріп жатыр?

Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы мемлекеттік жастар саясаты саласын дамытуда бірқатар жұмыс атқаруда. Ол бірнеше бағытқа бөлінген. Қалалық коммуникациялар қызметі алаңында осы туралы аталмыш басқарманың басшысы Самат Ибраев баяндады.

Атап айтқанда, «Жастарды жұмыс­пен қамту» бағыты бойынша Еңбек мобильділігі орталығымен бірлесіп бірнеше бағдарлама жүзеге асып жатыр. Бұл – «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыстар», «Алғашқы жұмыс орны» және т. б. Жалпы 2024 жылдың қорытындысы бойынша 13 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылды.

«Жасыл ел» жобасы бойынша жаз мезгілінде 4200 адам жұмысқа орналасты. Joltap жобасы аясында 3773 адам SMM, таргет, графика дизайны және бейнемонтаж сияқты цифрлық мамандықтарды игерді. 3904 адам тігінші, бариста, сатушы-кассир, бухгалтерлік есеп негіздері сияқты жалпы 10 мамандық бойынша курсты бітірді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша елордада NEET санатындағы жастардың үлесі 6,1 пайызды немесе 26447 адамды құрайды. Бұл санатқа еш жерде оқымайтын және жұмыс істемейтін жастар жатады. Жастарды әлеуметтендіру үшін «Жас жігер», «Үздік» жобалары жүріп жатыр.

Өткен жылдың басынан бері «Таза Қазақстан» республикалық акциясы жүріп жатыр. Акция мақсаты – сенбіліктерге қатысу ғана емес, жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыру. Соның шеңберінде насыбайды өртеу ауқымды акциясы ұйымдастырылды. «Зиянды әдеттерге тәуелділікті спортқа айырбаста» атты акция, есірткі заттарын насихаттайтын жарнама жазбаларын өшіру бойынша рейд тұрақты түрде жүргізіледі. Жастар «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Таза дүйсенбі», «Сәтті сәрсенбі», «Жасыл Астана» аталатын іс-шараларға қатысады.
2024 жылдың басынан ойындарға тәуелділік пен лудоманияның алдын алу үшін белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Колледждер студенттерімен 6 профилактикалық кездесу ұйымдас­тырылды. Оған психиатр дәрігерлер мен жоғары санатты наркологтар қатысты. 500-ден астам ақпараттық үндеу, брошюра, буклет таратылды.

«Астана жастары» жастар ресурстық орталығы қызметінің басты бағытының бірі – «Волонтерлік қызмет». Соның аясында «Волонтер мектебі» ұйымдас­тырылды. Бұл мектеп волонтерлерді әртүрлі деңгейдегі іс-шараларға дайындауға септеседі. Тиісті бағдарламаға ел тарихын оқыту, алғашқы медициналық көмек көрсету, әртүрлі елдің менталитетін зерттеу, дау-дамайды шешу кіреді. Волонтерлер елордада халықаралық, республикалық іс-шаралардың өтуіне үлесін қосып отыр. Мәселен, былтыр өткен ШЫҰ саммитіне 200 волонтер қатысып, қонақтарды қабылдау, тиісті орындарға жеткізу, аударма қызметін атқарды. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 1600 волонтер тартылды.

Әскери-патриоттық бағытта «Жас сарбаз» жобасы аясында ардагерлермен, бүгінгі батырлармен ерлік сабақтары, фильмдер көрсетілімі, патриоттық әндер байқауы, басқа да осы сияқты іс-шаралар ұйымдастырылады. Жалпы елорданың 110 мектебі мен 35 колледжінде «Жас сарбаз» сыныбы мен клубы жұмыс істейді. Тәрбиеленушілер саны 10 мыңнан асады.

Неке және отбасы институтын ны­ғайту үшін «Отбасы – бақыт мекені» жобасы қолға алынған. Өткен жылдың басынан бері жас отбасылар арасында семинар-тренинг, кулинария және қолөнер бойынша шеберлік сабағы, шығармашылық байқау мен спорт эстафеталары ұйымдастырылды. Жастардың шығармашылығын қолдау мақсатында «Жастар жалыны», «Jastar Fest», «Жаңа белес» сияқты фестивальдер өтіп тұрады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button