Майлиннің мұрасы

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Бейімбет Майлиннің 130 жылдығына орай мектебімізде ерекше мәдени іс-шара ұйымдастырылды. «Шұғаның белгісі – сахнада» қойылымы өтті. Оны ұйымдастыруда 9 «А», 9 «Ә» және 9 «Б» сыныптарының оқушылары айрықша атсалысты. Жетекшілері – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Г.Жүсіпова, Н.Кембаева, Д.Шакирова.
Оқушылар Бейімбет Майлиннің таңғажайып шығармасы – «Шұғаның белгісін» сахнада көрсетті. Олар кейіпкерлердің бейнесін шебер сомдап, көрермендерге әсерлі қойылым ұсынды. Әрбір сахналық көрініс ерекше дайындықпен, көркемдік талғаммен қойылды. Оқушылар актерлік қабілетін көрсетіп қана қоймай, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне деген құрметін де көрсетті.
Көрермендер іс-шараның заманауи тәсілдермен ұйымдастырылғанын ерекше атап өтті. Қойылымнан кейін QR-код арқылы кері байланыс беру мүмкіндігі ұсынылды. Бұл әдіс көрермендердің пікірін жинақтап, іс-шараның сапасын бағалауға ықпал етті.
Іс-шара соңында қойылымға қатысқан оқушылар түрлі номинация бойынша марапатталды. «Ең үздік рөл», «Көрермен көзайымы», «Тартымды рөл» номинациялары бойынша белсенді оқушыларға арнайы мадақтама қағазы табысталды. Бұл марапаттар балаларды ынталандырып, өнерге деген қызығушылығын арттыра түсті. Мұндай мәдени іс-шаралар мектеп оқушыларының шығармашылық әлеуетін дамытып қана қоймай, қазақ әдебиетін насихаттап, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үлкен үлес қосады. Сәтті өткен іс-шараның ұйымдастырушылары мен қатысушыларына алғысымыз шексіз!
Гауhар ЖҮСІПОВА,
Төлеген Айбергенов атындағы №16 орта мектеп
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары