ҰЛТ ҰСТАЗЫН ҰЛЫҚТАДЫ

0 104

Ахмет Байтұрсынұлы – Алаштың азаматы, ұлттың ұстазы, қазақтың қамқоршысы. Ахмет туған халқына қай жағынан болса да қызмет етуді өмірлік мақсаты етті. Сондықтан да көзінің тірісінде-ақ айналасындағылардың құрметіне бөленді, алғысын арқалады. Ахмет бар-жоғы он үш жасында әкесінің ұлт намысын жыртып, итжеккенге айдалғанын көрді. Содан бастап есейді, ақ пен қараны айырды, ақиқат пен жалғанды ажыратты, ұлтына жанашырлық керек екенін ұқты. Ахаңның қайраткерлік қырын бұған дейін газет бетінде бірнеше рет оқырмандар назарына ұсынғанбыз. Ендігі әңгіме сәл өзгерек…

«…Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жо­ға­ла­ды»­ деген Ахаң алғашқы саны жарық көр­ге­ніне ғасыр толған «Қазақ» газетіне былай жазды: «…Тариқ жолына қарағанда келімсек жұрт күшті болса, тұрған жұрт айақ асты болып азып-тозып жоғалмақшы.

Тұрғын жұрт күшті болса, келімсек жұрт сіңіп, тұрғын жұрттың түріне түсіп, бөтендігі жоғалмақшы. Екеуі тең болса, бір-бірінен кем болмай, бірі біріне жем болмай, қатар тұрып күнелтіп, әрқайсысы өз­­ алдына ұлт болып тұрмақ». «…Қа­­зақ­ де­­ген­­ қашаннан өз алдына ұлт бо­лып,­­ Еділ­ден­ Ертіске, Оралдан Ауғанға дей­ін­ тұ­тас­ тұрған халық еді. Арамызға әр­ түрлі жұрт кіріскенде, солармен қа­тар,­ атымыз жоғалмай, қазақ ұлты бо­лып­ тұра­ аламыз ба?».­ «…Ұлттың сақ­та­луы­на­ да, жоғалуына да­ себеп болатын нәр­се­нің ең қуаттысы – тіл. …Өз ұлтына бас­қа­ жұртты қосамын дегендер әуелі сол­ жұрттың тілін аздыруға тырысады.­ Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұ­ру­­ды­ тілесек, қарнымыз ашпас қамын ой­ла­ған­да­ тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек». Осылайша, Ахаң ана тілінің жоғын жоқтап, отаршы елдің айдауында жүрген ұлтына ең қажетті, аса зәру қазақ әліпбиінің таңбасын жасауды Орынборға келген бетте, 1910 жылы қол­ға­ алады. Қа­зақ­ жұртының төл тілін бұ­зыл­ма­ған­ саф қалпында сақтау үшін қан­дай­ таң­ба­ны­ алу керектігіне үлкен мән бе­ріп,­ бұрынғыларға ұқсамайтын соны, төте жол іздейді. Өзінің мектепте бала оқытқан ұзақ жылдар бойғы тәжірибесі мен­ із­де­ніс­те­рі­ барысында кирилл жазуын­ орыс­ патшалығы боданындағы қазақ ұлты үшін тіл саясатындағы тұсау һәм бұғау деп түсінеді. «Бұратана» жұртқа қасақана енгізілген мәж­бүр­лі­ жазудан арылудың барлық амал-тә­сіл­де­рін іздейді.
Алаш азаматы жаңа әліпби таңдауға аса­­ сақ­­тық­­пен­ қарайды. Қазақ ұлтының бол­мыс-бітімін жоғалтпайтын, өзіне ғана тән та­би­ғи­ дыбыстық ерекшеліктерін бе­ре­­ ала­тын­ әрі­ исламды «діл мен діннің лұ­ға­ты»­ деп зер­де­ле­ген­діктен, өз таңдауын араб­ графикасына жа­сай­ды. Сонымен, дала да­ныш­пан­да­ры­ның көне зерттемелерін негізге алып,­ ол­ өз­ таң­дау­ын­­ жұр­т талқысына «Қа­зақ»­ га­зе­ті­ ар­қылы ұсы­нады.

Бұл аралықта Ахметтің «Қырық мы­сал»­­ кі­та­бы,­ «Маса» өлеңдер жинағы бұ­қа­ра­ның­ қолына кең тараған болатын. Ахаң шы­ғар­ма­ла­рының ұй­қыда жатқан қазақ жұрт­шы­лы­ғы­на­ әсер ет­ке­ні хақында қаламдас інісі Мұхтар Әуезов «…әдебиеттегі елшілдік ұран»­ деп әспеттеді. Ал, ұлттың үні болған «Қа­зақ»­ басылымы туралы «…қазақтың ең­кей­ген­ кә­рі,­ еңбектеген жасына түгелімен ой­ түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз де­не­сі­не­ қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын же­лін­дей­ ши­рық­тыр­ған,­ етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын. Ол га­зет­тің­­ жа­ны кім? Ішіндегі қажымайтын қайрат, ке­мі­мейтін екпін кімнің екпіні еді? Ол екпін – қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң, «Маса» болып ызыңдап оятамын деп, ұзақ бейнетті міндет қылып алған Ахаңның екпіні болатын» деген. Тұлғаның замандас­та­ры­ «…Ақаң түрлеген ана тілі», «…Жаңа ал­фа­вит тіліміздің таза сақталуына, әлемдік мә­де­ниет­пен араласуға, халық мектептерінің өркендеу жолына алып­ адым жасады», «Қазақ әліпбиі» мен «Қазақ тілінің дыбыс және сөз жүйесі» ат­ты­ оқу­лық­та­ры­ның­ өн бойына сый­ғы­з­ған өзекті өзгерістерінің өзі қазақ грам­ма­­ти­­ка­сы­на бөлекше реңк әкелді» деді. Олар сол­ тұста-ақ,­ Ахаң әліпбиінің жұртшылық та­ра­пы­нан­ зор­­ қошеметке бөленгенін айтып, ақ­па­рат­ беттерінде жарыса жазды. Тіпті, осы тө­те­ жазуды негізге алып, көрші елдер, қырғыз, әз­ер­бай­жан­дар­ «тіл көшін» түзегені тарихтан белгілі.

* * *

…Ахаңның елу жасына орайластырылған мерейтой қазақтың сол кездегі астанасы­ Ор­ын­бор­да­ салтанатты жағдайда ұй­ым­дас­ты­ры­лады. Свердлов сарайындағы басқосуға Сәкен Сейфуллин, Міржақып Дулатов сынды Алаштың күрескер азаматтары да қатысады. Смағұл Сәдуақасов «Ахаңның алдында» деген та­қы­­рып­­та­ баяндама жасайды. Бұл іргелі шараны өткен жылы ғана Ахметтің жүз қырық жылдығымен жалғағанымыз есімізде. Мерейлі шараға орай талай игі істердің басын қайырып, ұлт ұстазын ұрпақ санасында сақтау мақсатында ілкімді шаруалар атқарылды.

Ахметтің әлгі елу жасқа толған тойының өткеніне кеше тоқсан жылдың жүзі болыпты. «Диалог Еуразия» халықаралық платформасы атаулы күннің салтанатын жарастырды. Астанадағы зиялы қауымның басын қосып, мәжіліс өткізді. Оған алаштанушы ғалымдар қатысып, келелі ойларымен бөлісті, ұсыныстарын ортаға салды.

«Ахмет Байтұрсынұлы әлемі: білім, мә­де­ниет­ және диалог» тақырыбындағы жиында жазушы, сенатор Ғарифолла Есім сөйледі. «Қазақтың қазақ болып қалыптасуына Ахаң­дар­ өлшеусіз үлес қосты. Жүз жыл бұрын ол­ар­дың ұлт үшін жасаған ісі, сөзі – бүгінгі біздің де мүддеміз. Бұл жай іс-шара емес. Бұл – ойлану іс-шарасы. Біз енді жүз жылдан соң қандай боламыз? Жүз жылдан кейін жас ұрпақ біздің сөзімізді дұрыс дей ме, бұрыс дей ме? Қалай өзгертеді? Осы мә­се­ле­лер мені қатты толғандырады» деді қаламгер.

Ұлттық ғылым академиясының академигі Сейіт Қасқабасовтың, Дихан Қамзабекұлы, Аман­тай­ Шә­ріп сын­ды­ ға­лым­дар­дың да ба­ян­­­да­­ма­лары Ахаңның ағартушылығына, қай­­рат­­кер­лігіне сайды. «Қазақстан-Заман» га­зе­тінің бас директоры Ахмет Алияз түркі тұл­ғалары мен Ахмет Байтұрсынұлының үн­дес­тігін сөз етті.

Асхат РАЙҚҰЛ 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 4 =