Астанада С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде дөңгелек үстел өтіп, онда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының негізгі ережелері, оның рөлі мен маңызы талқыланды. Іс-шараға 60-қа жуық студент пен оқытушы қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Еске сала кетейік, 15 наурызда елімізде референдум өтіп, оның қорытындысы бойынша Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл әділетті қоғам құру, мемлекеттік институттарды нығайту және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау деңгейін арттыру жолындағы маңызды қадам болды.
Іс-шараның модераторы ретінде қоғаммен байланыс және бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс департаментінің директоры Зейін Әліпбек сөз сөйледі.
Қатысушылар конституциялық өзгерістердің негізгі аспектілерін, олардың практикалық маңызын және ел болашағына ықпалын талқылады.
Негізгі баяндаманы басқарма басшысы Жазира жылқышиева жасады.
«Конституция – жай ғана құқықтық құжат емес. Ол мемлекет пен қоғам арасындағы сенімнің негізі. Бүгінде жастар оның мәнін түсініп, сезініп, ел болашағына жауапкершілікпен қарауы аса маңызды», – деді ол.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Конституцияның тек құқықтық негіздерді айқындайтын құрал ғана емес, сонымен қатар қоғамның құндылықтық бағдарларын белгілейтін маңызды құжат екенін атап өтті. Кездесу сындарлы жағдайда өтіп, студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, сарапшылардан жан-жақты жауап алды.
Мұндай кездесулер студенттер арасында құқықтық мәдениетті нығайтып, жастардың мемлекет дамуына қосатын үлесін түсінуге ықпал етеді.



