Ел тынысы

Қытайдың Қазақстандағы елшілігінде «Композитор» көркем фильмі көрсетілді

Елордада Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілігінде Жеңістің 80 жылдығына орай кино көрсетілім өткізілді. Іс-шара барысында қатысушылар қос мемлекет режиссерлері бірге түсірген «Композитор» көркем туындысын тамашалады.

Жиында сөз алған Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлин екі ел қарым-қатынастары тарихының негізгі белестерін сипаттап, көркем туындының маңызына тоқталды.

«Қазақстан Қытай халқы үшін шетелге саяхат жасауға арналған ең танымал бағыттардың біріне айналды. Екі ел арасындағы визасыз режимнің ашылуы халқымыз арасындағы байланысты нығайтып келеді. Былтыр Қазақстанның Қытайдағы Туризм жылы сәтті өтіп, айтулы жылы туристер саны 1,2 миллион адамды құрады» деді өз сөзінде елші.

«Композитор» көркем фильмі әйгілі заманауи қытай композиторы Сянь Синьхайдың Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Алматыдағы өмірі, сондай-ақ оның және қазақтың әйгілі композиторы Бақытжан Байқадамов арасындағы терең ұлтаралық достығы жайында баяндайды.  Қазақстанда эвакуацияда болған Сянь Синьхайға Бақытжан Байқадамов көмектесіп, панасына алып, қамқор болған. Осы кезеңде Сянь Синьхай қазақ батыры Амангелді Имановтың ерлігіне арналған симфониялық поэма жазған. Бұл туынды антифашистік рухты қолдап, халық арасында кең танымал болды. Көркем фильм 2019 жылы Қытай мен Қазақстанда бір мезгілде көрсетіліп, халықаралық фестивальдерде жоғары бағаланған еді.

Көрсетілімге елшілік өкілдері, жас дипломаттар және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Индира Бержанова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button