Басты ақпаратҚала мен сала

Коммуналдық қызмет тәжірибе алаңы емес

Осыдан бір жыл бұрын елімізді алапат су тасқыны алғанын білесіздер. Сол уақытта жергілікті әкімдіктерде не бір техника, тіпті қарапайым құрал-саймандардың болмағанына куә болдық. Соның салдарынан тасқынның алдын алу жұмыстары әлсіз ұйымдастырылды. Нәтижесінде қаншама елді мекен су астында қалды. Осы оқиғадан соң біз Үкіметке жергілікті атқарушы органның коммуналдық-шаруашылық саясатын ретке келтіру бойынша нақты ұсыныстарымызды жолдадық.

Қазір өңірге депутаттар барған сайын бірінші кезекте көтерілетін мәселе – әкімдердің қарауында қажетті коммуналдық ресурстардың болмауы. Бұл ретте, кез келген апаттық жағдай, әлеуметтік мәселе орын алса, таяқтың ұшы бірінші кезекте әкімдерге ­тиетінін білеміз. Шынтуайтында, қала және аудан әкімдерінің құзырында білім саласына да, денсаулық саласына да ықпал ету тетіктері қалмаған. Ал елді мекендердің көркін кіргізетін, әкімдік жұмысының негізгі бағытын құрайтын көгалдандыру, абаттандыру, санитария, қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару және жолдарды күтіп ұстау жұмыстары кәсіпкерлік ортаға шығарылғандықтан, жергілікті жерде қиындықтар туындауда. Себебі осыдан бірнеше жыл бұрын коммуналдық қызметтер «бизнес тиімді ­ұйымдастырады, нарық бәрін реттейді» деп бәсекелестік ортаға берілген болатын. Бұл үрдіс еліміздің әкімшілік-басқару жүйесін, өндірістік-кәсіпкерлік мәдениетін, инфрақұрылымдық, географиялық және территориялық ерекшеліктерін және басқа да факторларды ескермей іске асты. Тек жоғары жақтан шешім қабылданып, науқаншылықпен өтті. Соның салдарынан мынадай жүйелі проблемалар орын алуда:

Біріншіден, Үкімет көгалдандырумен жыл – он екі ай айналысатын жоғары білікті мамандары және мықты материалды-техникалық базасы бар арнайы 2 коммуналдық мекемелердің жұмысын тек бәсекелестік ортаға ғана емес, сондай-ақ кейбір қоғам өкілдеріне тікелей беру туралы шешім қабылдады. Оның ішінде ерекше қажеттілігі бар азаматтардың ұйымдарына басымдық берілді. Бұл мәселеде де сұрақ жетерлік. Өйткені көктем, күз айларында көшеттерді отырғызу, санитарлық кесу, саябақтарды күтіп ұстау, агротехникалық және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, инвентаризация жасау және басқа да жұмыстар жыл бойы атқарылуы қажет. Ал жыл сайын өтетін конкурстар мердігерлердің үнемі ауысуына және көгалдандыру жұмыстарының жүйелі түрде жүргізілуіне кедергі болып отыр. Бұл өз кезегінде коммуналдық салада жүйесіздікті туындатып, аталған міндеттердің уақытылы орындалмауына алып келді. Яғни қарапайым тілмен айтқанда, «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың» кебін киіп жүрміз.

Екіншіден, мұндай жағдай абаттандыру және санитария жұмыстарында да орын алып отыр. Мысалы, балалар мен спорт алаңдарының құрылысын, ауланы, жолды қардан, қоқыстан тазартуды жыл сайын тендерді ұтып алған компания жүргізеді, көбінесе олардың бұл салада тәжірибесі жоқ. Соның салдарынан балалар жарақат алған немесе қаза тауып жатқан фактілер де бар. Сондай-ақ қалалар мен аудандарда тұрмыстық қалдықтарды жинау­ды, тасымалдауды бірнеше жеке компания бөліп алған. Ал жергілікті әкімдерге қалдықтарды көму мен полигонды ұйымдастыру қарастырылған. Бұрынғыдай барлық процесті іске асыратын бірыңғай жүйе жоқ. Осыған байланысты қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу өте төмен деңгейде. Мәселен, осыдан 3-4 жыл бұрын Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында конкурс рәсімдері соттағы дауларға байланысты кешіктіріліп, елді мекендердегі санитарлық тазалау және абаттандыру мәселелері 9 ай бойы шешілмей келді. Мұндай фактілер басқа облыстарда да бар. Жағдай осы күйінде қала берсе, тұрмыстық қалдықтарды түрлері бойынша іріктеп жинау тұрмақ, қоқыстарды тазартудың өзі мұң болмақ.

Үшіншіден, бұл осы саладағы білікті мамандардың тарап кетуіне, біртұтас жүйенің ыдырауына, мамандандырылған коммуналдық бизнес-құрылымдардың қалыптаспауына алып келді. Өйткені коммуналдық қызметтер – бәсекелестік ортаға шығаратын, пайда әкелетін емес, тек шығын шығатын қызметтер. Біздің па­йымымызша, осы коммуналдық қызметтерді нарыққа жіберу қате шешім болды. Осы саладағы жұмыс сапасының төмендеуі және конкурстағы сыбайлас жемқорлық халық арасында әлеуметтік шиеленісті тудырып, орталық және жергілікті билік органдарына жиі наразылық білдіруіне әкеліп отыр.

Коммуналдық міндеттерді кәсіпкерлік ортаға беру тәжірибесі дамыған шет елдерде де болған. Алайда ол тиімсіз болғандықтан, бұл функциялар мемлекетке кері қайтарылған. Мәселен, Германия, Франция, Ұлыбритания, Канада, АҚШ және тағы басқа елдерде көгалдандыру, қоқыс жинау, абаттандыру, жолдарды күтіп ұстау жұмыстарымен арнайы мемлекеттік ұйымдар айналысады. Біз кәсіпкерлік ортаға мемлекеттік функцияларды беруге қарсы емеспіз. Бірақ мемлекет пен қоғам үшін маңыз­ды коммуналдық қызметтер мемлекет иелігінде болуы керек.
Жоғарыда айтылғандарды ескере келіп, мынадай мәселелерді жедел шешу керек деп есептейміз:

1. Абаттандыру және көгалдандыру, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару және өңдеу, автокөлік жолдарын күтіп ұстау жөніндегі қалалық және аудандық коммуналдық кәсіпорындарды заңнамамен қалпына келтіру.
2. Барлық коммуналдық кә­сіпорындар 100 пайыз әкімдік­­тің қатысуымен және жергілікті бюджеттен тікелей қаржыландырумен жауапкершілігі шектеулі серіктестік түрінде құрылуы керек. Сондай-ақ материалдық-техникалық базаны нығайту үшін РОП қаражатынан қаржы ресурстарын бөлуді қамтамасыз ету қажет.
3. Қайта құрылған коммуналдық кәсіпорындар жыл сайын тиісті мәслихатта өз тарифін бекітіп, тоқсан са­йын депутаттар алдында есеп беруі тиіс.

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ,
Мәжіліс депутаты

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button