Мәдениет

Мәншүк жаққан мәңгі от

Бала кезде елін қорғаған батырлар туралы таңғажайып ертегілер арқылы оқитынбыз. Өсе келе кешегі Ұлы Отан соғысында майданда ерлікпен қаза тапқан батырларға, оның ішінде жас өрім, қыршын жас, Шығыстың қос шынары атанған Әлия мен Мәншүктің ерлігіне ғасырға жуық тағзым етумен келеміз. Батыр қыздардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Астанадағы Музыкалық жас көрермен театры жуырда 23-мамырда М.Қожахметова мен А.Молдағалиевтің «Мәншүк» атты музыкалық драма жанрындағы қойылымының премьерасын көрермен назарына ұсынды.

«Мәншүк» музыкалық драмасы – халық трагедиясы, қазақ қасіреті, сұм соғыстың ұрпақ санасынан ешқашан өшпейтінінің көрінісі.

Сахналық нұсқасын жасаған және қоюшы-режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, Қоюшы хормейстері – Мәдениет саласының үздігі, Ғалымжан Берекешов, Костюм суретшісі – Айдана Еңгебай, Қоюшы балетмейстері – Айгүл Амандықова, Хормейстері – Шыңғыс Аймақ, Жарық қою суретшісі – Ермек Мұхтарұлы, Дыбыс режиссері – Асылжан Асқаров, Режиссердің ассистенттері – Еламан Иманбаев, Айдана Жетешова.

Аты аңызға айналған қаһарман қыз, Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметова образын  Мақпал Дүйсен, Гүлден Құрмет,  15 жасар кезін – Айдана Жетешова, бала Мәншүк – Мәнсияны Дана Асхатқызы сомдайды.

«Мәншүк» музыкалық драмасы – қызыл өрт ішіндегі қызғалдақ, он тоғыз жасар пулеметші қазақ қызы Мәншүк Маметованың есімін ардақтауға, ерлігін дәріптеуге арналған ерекше қойылым. Аяулы қызымыздың ерекше тағдырын арқау еткен айрықша туынды. Шығармашылық топтың неше ай бойғы маңдай терімен, күндіз-түні дайындалған еңбегінің нәтижесі киелі сахна төрінде көрсетіліп, елорда халқының, қонақтарының назарына ұсынылды.

– Жазушы Мағира Қожахметованың батыр қыз Мәншүк Мәметованың өмірі, тағдыры туралы драмасына өзім де жан-жақты ізденіп, Асхат Молдағалиев деп соавтор болып, сахналық нұсқасын дайындап шықтым. Соны бүгін көрермен назарына ұсынғалы отырмыз. Сахнаға шығып жатыр, біздің оркестр және ұлт-аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен табиғатына сай қойылым көрсетеміз. Мәншүктің бейнесінде кішкентай кезінде, мектептегі, студент кезіндегі шақтарын, кезеңдерін бейнелейді. Сондықтан, сіздер мен біздер болып бір сәт қазақтың жүрегіндей соғып, қайсар мінезін көрсетіп, Отанды қорғау жолында қайсар мінез танытқан, тарихта есімі алтын әріптермен жазылған Мәншүк Мәметоваға арналған қойылымның премъерасына қош келдіңіздер! – деді  сахна шымылдығы түрілер кезінде спектакльге кіріспе сөз ретінде Асхат Максимұлы.

Өткен ғасырдағы ауылдың қаймағы бұзылмаған мамыражай шағы, туысқаны сұрап келсе, көңілін қимай, іштей қан жылап тұрса да туған перзентін де сыйлай салатын ақеден көңілін, ақмоншақты мойнына салған сәтінен бастап бала кезін, бойжете бастаған жасөспірім кезі мен студенттік албырт шақтары кезеңдерін бейнелеген үш қыз бала да Мәншүктің болмысын, өмірге көзқарасын, әділдікті жақтаған шын бейнесін, әкесін ақтап алуға тырысқан адалдығын, өнерлі, сезімге толы шақтарын, ақылды, білімді бітімін өте нанымды, шынайы бейнелеп, сомдап шықты. Бала Мәншүк – қараторы, тұлымшағы желбіреген сүйкімді құлыншақ Мәнсия (Дана Асхатқызы) тобылғымен жыланды өлтіріп, сәбиді аман алып қалса, үзеңгі қағыстырып, бәйгеге шапқан қажырлы, батыл болмысы әкесі мен анасына еркелеп бұлаңдап өскен бойжеткен Мәншүктің (Айдана Жетешова) ат жалын тартып мініп, жігіттермен теңдей рух пен жігер иесі екендігін таныта түсті. Мәншүктің туған әкесі мен тәрбиелеген әкесі Жеңсігәлі мен Ахметті сомдаған актерлер Асхат Мұсағалиев пен Қазыбек Есқараның рөлді шынайы ойнауы қазіргідей отбасындағы әке рөлі мәселсі өзекті болып тұрған тұста әке мен қызының жан дүниеңді қозғайтындай жылы диалогтары, бірін-бірі ізднеуі жүректі шымырлатады. Сақтаған Бәйішев рөліндегі Оразалы Игіліктің Мәншүкті туған қызындай көріп, ажалдан қанша рет арашалағысы келсе де алған бетінен қайтпайтын қайсар қыздың алғы шепке сұранған тілегіне қарсы бола алмаған тұсы да әсерлі шықты. Аналары рөліндегі актрисалар Қалима Наушабаева мен Ақниет Зәмзат, құрбылары, курстас достары бейнесіндегі актер қыздар да барын салып, шынайы көрініс көрсетті. Нәзік сезім иесі, батыр жауынгер Нұрәлі бейнесіндегі Дінислам Нұрмағанбетов те өз рөлін тартымды ойнап шықты. Музыкалық драма болғасын халық әндері, соғыс кезіндегі шырқалған әндер айтылып, билер көрсетілді. Тарихи фактілер, ғылыми леректер, Мәншүк жайлы жазылған кітаптар, естеліктер бойынша, музеймен тығыз байланыста жұмыс істеген қоюшы режиссердің тыңғылықты ізлденістері ұлттық нақыштармен әрленіп, толығып, көрермен назарына ұсынылды. Әлі де жетілдіре түсетін тұстары бар, бірақ ең бастысы – батыр қыздың өмірі, ерлік жолы жас ұрпаққа паш еткен ізгі мақсат жоғары дейгейде орындалды.

Астанадағы К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің былтырғы түлегі, 21 жастағы Гүлден Құрмет қазақтың қаhарман қызы Мәншүк Мәметованың рөлін жоғары деңгейде сомдап шықты. Мәншүктің қайсар мінезін, алған бетінен қайтпайтын өжет батырлығын, досқа, әкесі мен анасына адалдығын паш ететін эпизодтары көрерменнің көзіне жас үйірді, аяулы қыздың тағдыры жүректерді шымырлатты.Жүректен шыққан роль жүректерге жетті… Көзіміздің жасын тыя алмадық…

– Осы рөлді алғаннан кейін шыны керек, қатты уайымдадым. Өйткені, бұл – ойдан жазылған пъеса емес, өмірде болған, тарихта жазылған оқиға. Қазақтың қаhарман қызының өмір жолы баяндалған шығарма. Сондықтан, Мәншүк апамның образын сомдап шығу – мен үшін зор мәртебе, баға жетпес баға, абырой екенін асқан жауапкершілікпен сезіндім. Сол үшін де қуаныштымын! Жалпы көп спектакльде басты рөлдерді сомдап жүрмін ғой, бірақ  бұл – менің өмірімдегі алғашқы премъерам! – дейді жас актриса Гүлден Құрмет.

Көрермен театрды емес, театр көрерменді іздеген театрдың ұтары көп. Елордада орналасқан Музыкалық жас көрермен театры – қазақ өнері айрықша қойылымдарымен шығармаларынан ұлттық бітімі  көрініп тұратын талантты ұжым. Сахнаға қойған дүниелері көрерменнің жан дүниесін қозғап, ішкі сарайын ашқан, жүрегін тазартқан өнер туындылары. Асхат Максимұлы сахнаға сұранып тұрған, әлеуметтің ең нәзік жерін дөп басатын актуальді шығармаларды сахналап, көрерменнің көкейдегісін дөп басып жүргені қуантады. Іште сұрыпталып, електен өткен, ұлттық сөйлеу мәнері, ойда қазақша білдіретін ұлттық нақыштағы, заманауи бағыттағы жастардың талантын танытатын әрбір дүниесі – бар қазақтың олжасындай, баға жетпес байлығындай. Ескі тілмен жаңа шындықты бейнелеу бар. «Мәншүк» қойылымы – сол мәңгі ескірмейтін тақырыпты бейнелеп көрсетеді. Материалдық игілікке ғана байланған қазіргі өміріміз траги-фарсқа айналған сәтте жан дүниеңді қозғап, жанарыңды жуатын, тазартатын осындай шығармалар керек-ақ. Себебі, театр – халықты ізгілікке тәрбиелеуші. Мәншүк жаққан мәңгі от ұрпақтан ұрпаққа жалғасары сөзсіз. Талантты ұжыммен бірге өшпес ерлікке тағзым ету – тірілердің  парызы.

Режиссерлік және актерлік шеберлік туралы айтар болсақ, қазақ театрын түлеткен талантты режиссер Асхат Максимұлының мол тәжірибесін, ұлттық құндылықтарға, интеллектуалдық биік деңгейді көрсететін қойылымдары тағы бір толыққанды дүниемен көбейгені даусыз.

Режиссердің білімі және шеберлігі – керемет қойылымның алғышарты. Интеллект жағынан режиссер талантты актерлердің алдында оқ бойы озық тұратыны және рас. Драматургиядан режиссураның мықтылығы көрінген қойылымның бірегейі де осы – «Мәншүк». Кемел шығармада түпкі идеяға жететін жол көп болады.

Кез келген қойылымда актерлік шеберлік деңгейі, драматургиядағы пафос көп адамды қанағаттандыра бермейді. Шеберліктің деңгейі болуы керек. Ол елді таңғалдырып, табиғи болуы тиіс. Себебі, қандай керемет, асқақ шығарманы нашар орындау кезінде өресі түсетіні рас. Яғни, актер рөлді, тексті жаттамауы керек, ол сол тағдырды кешуі керек. Бұл тұрғыдан келгенде Асхат Маемировтың режиссерлік жұмысы, актерлердің образды шынайы беруі ризалықпен қол соқтырады.

Қойылым – режиссер мен актер бірігіп тындырған ұжымдық еңбегінің нәтижесі. Режиссер тек қоюшы ғана емес, өзі де шығармаға бар жүрегімен берілген талантты актер болып көрген жанның ғана күрделі, керемет туындыны халық алдына жарқыратып алып шығуы мүмкін. Маемировтың бүгінгі премъерасынан осыны көрдім, куә болдым.

Драмалық актер өнері – аса қиын өнер. Мысалы, кино акттері неше түрлі тәсілдер арқылы жұмыс істейді. Оның бейнесі неше түрлі монтаждан өтіп, көрерменге жетеді.Ал, драмалық актер мүлде басқа атмосферада жұмыс істейді. Бұл үнемі өзінің бар жетістігімен, кемшілігімен, өрлеуімен құлдырауымен, сүрінген сәтсіздігімен көрерменнің көз алдында жүреді. Сондықтан, актерға, әсіресе, бір ғасыр ғана өмір сүрген қазақтың театр өнеріне ерекше талап қойылады. Айналып келгенде, бәрі де, қайталап айтайық, актерлік шеберлікке тіреледі. Бұл ретте қазақ өнеріне тыі дүние болып қосылған «Мәншүк» – жүрегімізді жылытқан жып-жылы дүние. Сол үшін де шығармашылық топқа «Браво!» дейміз.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button