Үш қасиетке ие

Сәулебек Асылханов есімі қазақ театр көрермендеріне жақсы таныс. Театр реформаторы Әзірбайжан Мәмбетовтің мектебінен тәлім алып, көптеген тың дүниені өнерсүйер қауымға ұсынған режиссердің ерен еңбегі – бүгінгі ұрпаққа үлгі.
Сәулебек Асылханов 1966 жылы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының жанындағы екі жылдық студияға оқуға түседі. 1968 жылы студияны тәмамдағаннан кейін М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының актерлік труппасына қабылданады. Ол жылдары аталмыш театрда сахна саңлақтары Серке Қожамқұлов, Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеева, Ыдырыс Ноғайбаев, Зәмзәгүл Шәріпова, Фарида Шәріпова жұлдыздай жарқырап тұрған шақтары болатын. Жас Сәулебекке Әзірбайжан Мәмбетов «Ана – Жер-ана» трагедиясынан Жайнақтың рөлін береді.
Академиялық театрдың жас актер Сәулебекке берген тәлімі мен өнегесі «режиссура» атты күрделі салаға бет бұруына алып келеді. 1971 жылы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияға «драма театры режиссері» мамандығына оқуға түседі. Оқып жүріп, 1974 жылы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында сол кездері көптеген режиссердің қоюға батылы бара бермейтін заңғар жазушының «Айман-Шолпан» комедиясын сахналайды. Айманды Бақыт Жанғалиева мен Жұмагүл Мейрамова, Шолпанды Рахилям Машурова мен Шәмшәгүл Меңдиярова кескіндеді. М.Әуезов театрында Сәулебек Асылханов сахналаған «Айман-Шолпан» өте табысты өткен қойылымдар қатарында болды.
1975 жылы Талдықорған қаласынан қазақ драма театры бой көтеріп, оның негізінің қалануына дарынды режиссер Мұхтар Қамбаров, Қалмахан Бейсенбаев, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның «драма театр және кино актері» мамандығының түлектерімен бірге жас режиссер Сәулебек те атсалысады. Жас театр жалынды режиссерге сарқылмас шабыт сыйлайды. Аталмыш театрда Тахауи Ахтановтың «Әке мен бала», Александр Вампиловтың «Сүйінші, табылды, табылды» комедиясын сахналайды. Қазақ театр тарихында Абылай ханға арнап тұңғыш спектакль қойған режиссер – Сәулебек Асылханов. Кеңес идеологиясы ел тарихындағы қазақ хандары мен сұлтандарының, билерінің, көрнекті қайраткерлерінің есімін атауға тыйым салған уақытта Сәулебек Асылханов ержүректілікпен, батырлықпен Т.Қалихановтың «Алтын бесік» драмасын сахналайды. Бұл кеңестік тұста сол кездегі өнерсүйер қауымға ұлттық рух сыйлаған қойылым болды.
Тахауи Ахтановтың «Күшік күйеу» комедиясын еліміздегі театрлардың көбі сахналады, сахналап жатыр, сахналай да бермек. Бірақ бұл туындыны ең алғаш сахналаған, тіпті арнайы жаздыртқан Сәулебек Асылханов екенін бүгінгі ұрпақ біле жүргені жөн. Пьесаны Тахауи Ахтановқа арнайы жаздырып, музыкасын Нұрғиса Тілендиевке, ән сөздерін Қадыр Мырзалиевке жаздыртты. Ең алғаш Талдықорған облыстық қазақ драма театрында Сәулебек Асылханов режиссурасымен сахналанып, өте табысты жүрген туынды болды.
Талдықорған театрында жемісті еңбек еткен Сәулебек Асылханов М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрына режиссер болып орналасады. Академиялық театрда ұстазы Әзірбайжан Мәмбетовпен бірге Антон Чеховтің «Ваня ағай» шығармасын сахналайды. Дулат Исабеков КСРО халық әртісі Сәбира Майқановаға арнап «Мұрагерлер» атты пьеса жазады. Аталмыш туындыны Сәулебек Асылханов сахналайды. Бұл Сәбира Майқанованың екінші тынысын ашқан спектакль болды.
М.Әуезов театрында Сәулебек Асылханов Тұңғышбай Жаманқұловқа арнап «Кішкентай ауыл» драмасын сахналады. Бұл қойылымға: «Академиялық театрдың «Ана – Жер-анадан» кейінгі үлкен табысы» деп Асқар Сүлейменов баға берді. «Кішкентай ауыл» театр репертуарында ұзақ жылдар сахналанған спектакльдер тізбегінде болды.
В.И.Немирович-Данченко: «режиссер-актер, режиссер-ұйымдастырушы, режиссер-айна» деп режиссер бойында болуға тиіс қабілеттерді атайды. Сәулебек Асылхановта осы үш қасиет те бар. Ол елордадағы Ұлттық дәстүрлер театрының негізін қалады, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде «театр және өнертану» факультетінің деканы болды, бүгінгі таңда аталмыш оқу орнында жас режиссерлерді тәрбиелеп жатқан ұлағатты ұстаз.
Бахтияр ТҰРСЫН,
театртанушы