Білім

Көшпенділер ойыны – балабақшада

Елордалық № 11 «Гауһар» балабақшасында «Көшпенділер ойыны балабақшада» атты қалалық семинар ұйымдастырылды. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының аясында өткен іс-шара бүлдіршіндер мен ата-аналар арасында ұлттық құндылықты насихаттауға бағытталды.

Астана қаласының педагогтері, ата-аналар, балалар қатысқан семинардың мақсаты – өскелең ұрпақты ұлтжанды, елін сүйетін, халық дəстүрін құрметтейтін, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өскен азамат етіп тəрбиелеу.

«Балабақша қабырғасында көшпенділер ойындарын насихаттау маңызы айрықша. Себебі тәрбие балабақшадан басталады. Бүлдіршіндерге бес асық, бестемше, бес кеней сынды ұлттық ойындарды осы бастан үйрету бастамасы қолға алынғаны қуантады. Игілікке толы іс-шара балабақшадан басталып, ертең мектеп, колледждерде дәстүрлі түрде жалғасын табуы қажет» деді өз сөзінде іс-шараға қатысқан Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық ғылыми дене тәрбиесі орталығының профессоры Бекболат Аманжолұлы.

Іс-шара барысында балаларға арналған әлемдік көшпелі халықтардың ұлттық ойындары ұйымдастырылып, көнеден келе жатқан ұлттық ойындар таныстырылып, шеберлік сабақтары өткізілді. Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының бас хатшысы Мақсат Есенбекұлы шертпек, қошқар көтеру, теңге ілу және асық ойындарының бірнеше түрлері бала денесінің шымыр болуына, ұмыт болған ұлттық ойындар бүлдіршін зеректігін арттыруға септесетінін атады.

«Жаңа оқу жылынан бастап 2023-2025 жылдарға арналған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы іске асырылуда. Көшпенділер ойындарына тек қазақтың ғана емес, бүкіл түркі жұртының белгілі ойындары жатады. Белсенділік танытқан балалардың ұлттық ойынға деген қызығушылықтары ерекше екенін айтуға болады» деді № 11 «Гауһар» балабақшасы меңгерушісінің міндетін атқарушы Айнұр Әмірханова.

Индира Бержанова

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button