Елордада мектеп бітіру кештерінің мазмұны өзгере бастады
Астанада мектеп түлектері қымбат кештерден бас тартып, қарапайымдылық пен қайырымдылықты таңдауда. Биыл елордадағы мектеп бітірушілердің басым бөлігі мейрамханалардағы даңғазалы кештерден бас тартып, мектеп қабырғасында мазмұнды қоштасуды жөн көрген. Сонымен қатар түлектер қайырымдылық шараларына қатысып, ағаш отырғызу мен әлеуметтік жобаларға белсенді араласа бастаған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
№101 жалпы орта мектебінің түлектері де игі бастамадан шет қалмады. Олар балалар үйлеріне арнайы барып, кішкентай бүлдіршіндерге ойыншықтар мен қажетті киім-кешектер табыстады. Түлектер балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, қайырымдылық шарасы арқылы мейірімділік пен жанашырлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Сонымен қатар мектеп бітірушілері өзге түлектерді де осындай игілікті іс-шараларды қолдауға және қоғамға пайдалы бастамаларға белсенді қатысуға шақырды.
Білім беру саласы өкілдерінің пікірінше, бұл үрдіс жас ұрпақтың әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, мектеп бітіру мәдениетінің мазмұнын өзгертіп келеді. Қарапайым форматтағы кештер бір жағынан қаржылық қысымды азайтса, екінші жағынан жастарды қоғамға пайдалы іс жасауға ынталандырады.
Бұл бастаманың басты мақсаты – мектеп бітіру кешінің мәнін сән-салтанатпен немесе қымбат дастарханмен емес, рухани құндылықтармен ұштастыру. Түлектер үшін ең маңыздысы – ұстаздарға алғыс білдіру, сыныптастарымен естелік сәттерді бөлісу және мектеппен тағылымды түрде қоштасу.
Мектеп әкімшіліктерінің айтуынша, мұндай шешім ата-аналарға түсетін артық қаржылық жүктемені азайтып қана қоймай, әлеуметтік теңсіздік пен даңғазалықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жастар арасында қарапайымдылық, жауапкершілік және тәрбиелік құндылықтарды дәріптеуге оң ықпал етуде. Сондай-ақ мектеп бітіру кештерін қауіпсіз әрі тәртіпті ортада өткізуге жол ашып отыр.
Жаңа үрдістің маңызды ерекшелігінің бірі түлектердің әлеуметтік жобаларға белсенді араласуы. Атап айтқанда, түлектер балалар үйлеріне қайырымдылық көмек көрсетіп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолдау білдіріп отыр. Сонымен қатар қала көшелеріне ағаш отырғызып, қоғамдық орындарды көгалдандыру және тазалық акцияларына белсенді қатысып жатыр.
Осылайша, Астана түлектері үшін мектеппен қоштасу тек мерекелік шара ғана емес, сонымен қатар адамгершілік пен азаматтық жауапкершілікті дәріптейтін маңызды қадамға айналып отыр.



