Чемпиондармен мотивациялық кездесу

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Астана қаласында 150-ден астам елордалық спортшының қатысуымен мотивациялық ашық диалог форматындағы кездесу өтті. Іс-шараның басты қонағы — NAIZA лигасының әлем чемпионы, панкратионнан әлем чемпионы, ММА-дегі кәсіби рекорды — 5–0 болған Ильдар Құдайбергенов. Іс-шараның негізгі мақсаты — жастар арасында тәртіп, жауапкершілік және салауатты өмір салты құндылықтарын насихаттау, сондай-ақ спорт арқылы тұлғалық дамуға ықпал ету.
Кеш қонағы Ильдар Құдайбергеновтің өмір жолы — қайсарлық пен табандылықтың айқын көрінісі. Ол 7 жылын бас бостандығынан айыру орындарында өткізіп, кейін кәсіби спортқа қайта оралып қана қоймай, әлем чемпионы деңгейіне көтерілді. Бүгінде ол қиын өмірлік жағдайға тап болған жастармен белсенді жұмыс жүргізіп, оларға бағыт-бағдар беріп, өз-өзіне сену, берілмеу және мақсатқа ұмтылу құндылықтарын насихаттап келеді. Оның тағдыры — ең ауыр сынақтардан кейін де өмірді қайта бастап, биік жетістіктерге жетуге болатынын дәлелдейтін үлгі.

-Бас бостандығынан айрылып, жазасын өтеп шыққандар көбіне өмірден өз орнын таба алмай, қайтадан теріс жолға түсіп жатады. Маған осы ретте достарым, ағаларым көп көмектесті. Олардың қолдауымен еңсе тіктеп, бұрын жас күнімде тұрақты түрде айналысқан спортқа қайта келдім. Бар күшімді салып, айналыса бастадым. Бір жарым жылда әлемдік деңгейде жетістіктерге жеттім. Сондай-ақ қазіргі таңда мемлекеттік саясаттың бір саласы ретінде жазасын өтеп отырғандармен жұмыс жүргізу ісіне белсенді араласамын. Осы аралықта мен еліміздегі көптеген түзету мекемелеріне құқыққорғау органдары өкілдерімен бірге барып, ондағы жазасын өтеушілермен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргіздім. Осы жұмыс барысында аз да болса оларға ой салып, бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделіп кетуіне септік етсек, бұл жұмысымызды бәрі тегін болмағаны. Шыққаннан кейін міндетті түрде спортшы болып кетпесе де, әр адам қолынан жақсы келетін іспен айналысып, үлкен белестерді бағындыра алады, — дейді И. Құдайбергенов.

Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырған іс-шараға сонымен қатар «Темір адам» лақап атымен танылған танымал спортшы, әлемдік деңгейдегі рекорд иегері, армрестлингтен Азия чемпионы, мас-рестлингтен әлем чемпионатының жүлдегері, «Намыс» марапатының иегері Тимур Спатаев қатысты. Ол өз тәжірибесін жастармен бөлісіп, тәртіп пен жүйеліліктің жетістікке жетудегі рөлі туралы айтып берді. Жиынға сондай-ақ Астана қаласы прокуратурасының басқарма прокуроры Ақжол Сәтілда, Астана қаласы Нұра ауданы ПБ ҚҚБ Ювеналды полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Назым Шарипова қатысып, қаладағы жасөспірімдер арасындағы қылмыс түрлері және олардың алдын алу туралы ақпарат берді.

-Көбіне тіркелетін оқиғалар – жасөспірімдердің кешкі уақытта үйде болмауы, бұл 442-бапта қарастырылған. Одан бөлек кейбір балалардың өтпелі кезеңде тәртіп, тәрбиесі төмендеп, ата-ана тарапынан түсініспеушілік көп туындайды. Сондай жаста жасөспірімдер үйден қашып, басқа түрлі ортаға тап болады. Осы ретте біз тек балалармен ғана емес, олардың ата-аналарымен де жұмыс жүргіземіз, — деді А. Сәтілда.

Ашық диалог форматындағы мұндай кездесу спикерлердің жетістік тарихын тыңдап қана қоймай, олармен тікелей пікір алмасып, өмірлік қиындықтарды еңсеру және жеке даму жолдарын талқылауға мүмкіндік береді. Осы ретте оқушылар ойын еркін жеткізіп, спикерлердің спорттағы жетістіктері және балалар арасындағы бұзақылық салдары туралы сұрақтарын қойып, мамандардан көптеген пайдалы кеңес және ақпараттар алды.
Райхан Рахметова



