Инклюзивті білім берудің тиімді технологиясы талқыланды
Елорданың №3 арнайы мектебінде қалалық Білім басқармасы және Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Зердесі зақымдалған балалармен жұмыс барысындағы түзету-педагогикалық қызметінің тиімді технологиялары: мақсаты, құралдары, нәтижелері» атты республикалық семинар-практикум өтті.
Екі күнге созылған іс-шара ерекше білім беруді қажет ететін балалармен қоғамда және мектепте қолжетімді орта қалыптастыру, оқушыларды жалпы білім беру үдерісіне нәтижелі түрде әлеуметтендіру мақсатын тәжірибе алмасу арқылы жүзеге асыруға бағытталды. Зердесі зақымдалған балалармен жұмыс істеу кезінде түзету-педагогикалық қызметтің тиімді технологияларын қолдану турасындағы диалог алаңына 50 адам қатысты.
Семинардың теориялық бөлімінде бірқатар баяндамалар ұсынылып, арнайы білім беруді дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары, Абай ауданы, Ұлытау, Жетісу, Жамбыл, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақмола облысы және Астана қаласының арнайы мектеп мұғалімдерінің жұмыс тәжірибесі ортаға салынды.
Конференцияға Астана қаласы Білім басқармасының бас маманы Гүлшат Исенова, елорданың Әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Жангелді Әмірғалиев, аталмыш орталықтың арнайы және инклюзивті білім беру бөлімінің басшысы Салтанат Қасымқанова, білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтары және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Іс-шара аясында №3 арнайы мектеп педагогтары озық тәжірибелерімен бөлісіп, ашық сабақтар мен шеберлік сыныптарын өткізді. Онда зердесі зақымдалған оқушыларды оқыту ерекшелігі мен тәрбиелеудегі тиімді технологиялар жайында сөз қозғалды.
Семинар-практикумның басты ерекшелігі – арнайы мектептердің педагог-дефектологтарының оқу-тәрбие процесінде нейрожелі мен жасанды интеллектіні пайдалануы көрсетілді. Бұл әдіс оқу бағдарламасын әр оқушының жеке қажеттіліктеріне бейімдеп, қызығушылығын арттырып, оқу мазмұнын түсінуін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Индира Бержанова