Ел тынысы

Елордада жастардың ғарыш саласы өкілдерімен эксперттік кездесуі өтті

ҚР ПІБ  Президенттік орталығында «Ғарыш дәуіріне – 65 жыл: бүгіні мен болашағы» тақырыбында жастардың ғарыш саласының өкілдерімен эксперттік кездесуі өтті. Іс-шара Юрий Гагариннің ғарышқа ұшқанына 65 жыл және қазақстандық ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Кездесуге елорда жоғары оқу орындарының студенттері арасынан шамамен 80-ге жуық адам қатысты.

«12 сәуірде бүкіл адамзат ғарышқа алғаш адамның ұшқанына 65 жыл толуын атап өтті. Бұл күн Қазақстан үшін ерекше маңызға ие. Себебі дәл осы қазақ жерінде адамзат өркениетінің ғарыш дәуірі басталды. Ғарыш саласы үшін мерейтойлы жыл еліміздің Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғаны да аса символдық мәнге ие. Бүгінде адамзат ғарышты игеру тарихының жаңа кезеңін бастап, жаһандық ғарыш индустриясын дамытуда. Спутниктік технологиялар қарқынды дамып, Жерді бақылау мен байланыс жүйелері қалыптасуда, ғарыш аппараттарын басқаруда жасанды интеллекттің рөлі артып келеді. Ғарыш енді тек ғылыми зерттеу саласы ғана емес, әлемдік экономика мен қауіпсіздіктің маңызды элементіне айналуда. Қазақстан да бұл үрдістен тыс қалған жоқ. Елдің өз ғарыштық бағдарламасы мен ғылыми-зерттеу және инженерлік-техникалық құрылымдардан тұратын толыққанды саласы қалыптасты. Бүгінде қол жеткізілген деңгеймен шектелмей, оны одан әрі дамыту қажет. Ол үшін озық технологияларды енгізіп, әсіресе жас мамандарды даярлауға инвестиция салу маңызды», – деп атап өтті Президенттік орталықтың директоры Бақытжан Темірболат.

«Қазақстанның ғарыш саласы бүгінде тек Байқоңырдың мұрасы ғана емес, бұл – ғылыми зерттеулерден бастап коммерциялық қызметтерге дейінгі толық циклді қамтитын тұтас технологиялық экожүйе. Біз өз зымырандарымызды әзірлеп, спутниктер өндіреміз, сондай-ақ экспорттық нарықтарға шығудамыз», – деді Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Алан Қазкенов.

Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, отандық ғарыш саласын дамыту, ведомствоаралық тәжірибе алмасу, сондай-ақ Қазақстандағы ғарыш қызметі саласында жастарды жұмыспен қамту мәселелеріне арналды.

«Бүгінде Қазақстанның ғарыш саласы қарқынды дамып келеді. Егер бұрын бұл бағыттағы мүмкіндіктер шектеулі болса, қазір спутниктерді құрастыруға арналған өндірістік базалар қалыптасып, ғылыми және инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Жастар үшін үлкен мүмкіндіктер мен нақты перспективалар бар – олар тек жұмыс істеп тұрған компаниялардың құрамына қосылып қана қоймай, өз жобаларын да жүзеге асыра алады. Ең бастысы – арманшыл болып, өз идеяларын іске асыруға ұмтылу. Біз де осы жолдан өттік: жобаларды бастап, қателесіп, түзетіп, алға жылжыдық. Бүгінде елімізде ғарыш аппараттарын жасау және экспорттық жобаларды іске асыру бойынша нақты нәтижелер бар», – деп бөлісті «ҰК «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ басқарма төрағасы Қайыржан Қожаев.

«Ghalam» ЖШС-нің ағымдағы жобалары мен қызметінің негізгі бағыттары, соның ішінде спутниктерді әзірлеу және өндіру, ғарыш техникасының құрамдас бөліктері мен ішкі жүйелерін жасау, оларды толық цикл бойынша сынақтан өткізу, сондай-ақ «OTS-Sat», «KazEOSat-MR», «KazEOSat-HR» спутниктерін және Ай маңындағы телескопты құру сияқты перспективалық жобаларды іске асыру туралы аталған кәсіпорынның бас директоры Бауыржан Алматов баяндады.

Кездесу барысында қатысушылар отандық ғарыш кәсіпорындарының мансаптық мүмкіндіктері мен талаптары туралы өзекті ақпарат алып, сала өкілдерімен тікелей байланыс орнатты, сұрақтарын қойып, кәсіби кеңестер алды.

Сонымен қатар студенттер нақты кейстермен және перспективалық жобалармен танысып, бұл олардың сұранысқа ие құзыреттерді тереңірек түсінуіне және ғарыш саласында мансап құрудың келесі қадамдарын айқындауына ықпал етті.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button