Діни экстремизмнің алдын алу бағытында оқыту семинары өткізілді

«Заң мен тәртіп» қағидаты және 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мемлекеттік қызметшілерге арналған «Кәмелетке толмағандар арасындағы діни экстремизмнің алдын алу: заманауи қауіптер мен қарсы іс-қимыл әдістері» тақырыбында оқыту семинары өтті. «AQNIET» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, «QAMQOR-ASTANA» қоғамдық қоры мен Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен өткен іс-шара ҚР ІІМ Басқару академиясының базасында ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара кәмелетке толмағандарды деструктивті діни ағымдар мен экстремистік идеологияның ықпалында кетудің алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ осы саладағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіруге бағытталды. Семинар жұмысына ювеналдық полиция бөлімшелерінің, ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің қызметкерлері, Астана қаласы Білім басқармасы, Спорт және дене шынықтыру басқармасы, ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелері, психолог-мамандар, сондай-ақ ҚР Бас прокуратурасының өкілдері қатысты.

Жиын аясында психология ғылымдарының кандидаты Сәуле Ізбасарова жасөспірім кезінде тұлғаның қауіпсіз дамуын қамтамасыз етудің психологиялық шарттары тақырыбында баяндама жасады. Баяндама барысында жасөспірімдердің психологиялық ерекшеліктері, кәмелетке толмағандардың деструктивті ықпалға бейімділік факторлары, сондай-ақ радикалдану белгілерін ерте анықтау тетіктері қарастырылды. Ал психология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Жанар Жукешева экстремизмнің алдын алу және терроризм идеологиясына қарсы іс-қимылдың негізгі бағыттарына тоқталды. Профилактикалық жұмыстың заманауи әдістеріне, ақпараттық-түсіндіру қызметіне, сондай-ақ тәуекел тобына жататын жасөспірімдермен өзара іс-қимыл ерекшеліктеріне ерекше назар аударылды.
Дінтанушы әрі «AQNIET» қорының психологы Жұлдыз Жаңабергенова жасөспірімдер арасында экстремистік көңіл-күйдің қалыптасуына әсер ететін факторлар, оның ішінде аутодеструктивті мінез-құлық көріністері туралы баяндама жасады. Баяндама аясында кәмелетке толмағандарды психологиялық қолдау мен өмірлік қиын жағдайдағы жасөспірімдермен профилактикалық жұмыстың практикалық аспектілері қарастырылды. Сонымен қатар семинар барысында радикалды діни идеологияның ықпалынан зардап шеккен тұлғаларды оңалту, әлеуметтік бейімдеу және дерадикализациялау мәселелері сөз болды. Баяндамалар аяқталғаннан кейін қатысушылар кәмелетке толмағандар арасындағы радикалданудың алдын алу, психологиялық диагностика әдістері, ведомствоаралық өзара іс-қимыл ерекшеліктері, сондай-ақ деструктивті идеология ықпалына бейім жасөспірімдерді анықтаудың практикалық тетіктері бойынша спикерлерге сұрақтар қойды.



