Ел тынысы

Тұғырлы тұлғаға құрмет көрсетті

Kozybayev University-де Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жоғары мектебінің академигі, Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, абайтанушы, абылайтанушы және мағжантанушы ғалым, қазақ баспасөзінің тарихшысы және теоретигі, ұлттық мәдениетіміз бен өнеріміздің жоқшысы, зерттеуші-өлкетанушы, журналист-жазушы, филология ғылымдарының кандидаты, осы унниверситеттің «журналистика және әлеуметтік ғылымдар» кафедрасының еңбек сіңірген профессоры Зарқын Сыздықұлы Тайшыбайға арналған «Атыңнан айналайын, Қызылжарым!» атты республикалық конференция өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген Зарқын Сыздықұлының әріптестері, шәкірттері мен ізбасарлары, сондай-ақ Түркия мен Франциядан келген ғалымдар қатысты.

«Сіздің саналы ғұмырыңыз бен қажырлы еңбек жолыңыз – ұлт руханиятына, ғылым мен білімге, журналистика мен қоғамдық ой-санаға адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Отандық тарих пен әдебиеттану, Абайтану, Алаштану, Мағжантану және Абылайтану бағыттарында терең зерттеулер жүргізіп, қазақ ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіз. Мұрағат қорларынан жинақталған тың деректерге сүйене отырып жазған еңбектеріңіз халқымыздың тарихи жадын жаңғыртып, ұлттық сананың нығаюына зор ықпал етуде. Сіздің өнегелі өмір жолыңыз, ғылым мен ағартушылық саласындағы ерен еңбегіңіз кейінгі ұрпаққа үлгі болары сөзсіз», — деп жазылған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің конференцияға жолдаған құттықтау хатында.

Зарқын Тайшыбай 1942 жылы 31 наурызда Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Қазақ орта мектебін тәмамдаған соң колхозда механизатор болып еңбек етті. Кейін әдеби қызметкер, аудандық газет редакторының орынбасары, редактор, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дің журналистика факультетін және журналистика тарихы бойынша аспирантураны бітірді. Ғалымның еңбек жолындағы маңызды кезеңдердің бірі — Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-де журналистика кафедрасының құрылуына бастамашы болды.

2000 жылдан бастап Зарқын Тайшыбай Kozybayev University-де 26 жыл қызмет етті. Осы уақыт ішінде ол университеттің дамуына, мамандар даярлауға және өңірдегі журналистік білім беру ісінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов конференцияға жолдаған құттықтау хатында: «Сіз 2000 жылы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне келіп, өңірлік журналистиканың дамуына тың серпін бердіңіз. Ұстаздық жолдағы еңбегіңіз де ерекше құрметке лайық. Сіздің тәліміңізді алған қаншама жас журналистер мен зерттеушілер бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы еңбек етіп жүр. Шәкірттеріңіздің бойына елге қызмет ету, ұлт руханиятына адал болу қағидатын сіңіре білдіңіз. Ұлт руханияты жолындағы абыройлы қызметіңіз жалғаса берсін. Өміріңіздің ширек ғасырын Солтүстік Қазақстан өңірінің ғылымы мен білімін, тарихы мен журналистикасын дамытуға арнаған ерен еңбегіңіз үшін Сізге барша қызылжарлықтардың атынан шынайы ризашылығымды білдіремін»,- деп жазыпты.

Алқалы жиынға Қарағанды облысынан арнайы делегация барды. Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті филология факультетінің деканы Елдос Түйте құттықтау сөз сөйлеп, Қарағанды жұртшылығы атынан облыс әкімі Е. Бөлекпаевтің Алғыс хаты мен Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы-ректоры Н.Дулатбековтің ыстық ықыласын, Қызылжар халқына ризашылығын жеткізді. Елордадан арнайы барған алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің өкілі Қайрат Сақ та жылы лебізін білдірді.

Конференцияға университет түлектері мен республикалық БАҚ өкілдері де қатысты. Олардың қатарында ҚР Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары Жасын Биркенов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі Сүйіндік Жанысбай, «Хабар» телеарнасының директоры Ерлан Атамбай, ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, «Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай, «СҚО әкімдігінің Муниципальды телерадиоарнасы» директоры Ерлан Тоқшылық, сондай-ақ белгілі журналистер, публицистер мен жазушылар болды. Іс-шарада ғалымның еңбектері жайында құнды пікірлер айтылып, жазушы С.Жанысбайдың «Ұстаз. Ғалым. Қаламгер» атты кітабының тұсауы кесілді.

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент, 100-ден астам ғылыми мақалалардың, монографиялар мен оқу құралдарының авторы Зарқын Тайшыбай ғылыми әдебиеттің дамуына зор үлес қосты. Университет қабырғасында профессордың есімі берілген арнайы кабинет ашылды. Бұл оның ұлттық білім мен ғылым саласына сіңірген елеулі еңбегіне көрсетілген зор құрметтің айғағы. Конференцияға қатысушылар ғалымның ғылыми-педагогикалық мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ ОЗК жанындағы аллеяда профессор З.С. Тайшыбайдың есімі берілген арнайы атаулы шырша пайда болды. Зарқын Сыздықұлы үшін ең үлкен марапат — әріптестерінің құрметі, шәкірттерінің алғысы мен студенттердің шынайы сүйіспеншілігі. Универитет ұжымы Зарқын Сыздықұлына мінсіз еңбегі, тәлімгерлік даналығы, университетке деген адалдығы, ғылым мен туған мәдениетке сіңірген еңбегі үшін шынайы ризашылығын білдірді. Осылайша, Зарқын Тайшыбайдың өз өтініші бойынша туған жері Қарағандыға шығарып салу жиынын Қызылжар халқы, университет ұжымы өте жоғары деңгейде өткізді.

Татьяна Морозова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button