Балаларға арналған аула ашылды

Астана қаласының Сарыарқа ауданында Балаларды қорғау күніне орай жаңа аула пайдалануға берілді. Ауланың ашылу салтанатына аудан тұрғындары, балалар мен ата-аналар қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара барысында бүлдіршіндерге арналған түрлі ойындар ұйымдастырылып, аниматорлар көңілді бағдарламалар ұсынды. Балалар спорттық және танымдық ойындарға қатысып, мерекелік көңіл күйге бөленді. Сонымен қатар тұрғындар арасында шағын викториналар өткізіліп, белсенді қатысушыларға сыйлықтар табысталды.
Жаңа аула заманауи талаптарға сай абаттандырылған. Мұнда балаларға арналған ойын алаңдары, демалыс аймақтары және экологиялық таза материалдардан жасалған шағын сәулеттік нысандар орнатылған. Атап айтқанда, ағаштан жасалған түрлі әткеншектер, алтыбақан үлгісіндегі ойын және демалыс құрылғылары, орындықтар мен тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған жайлы алаңдар қарастырылған. Аула аумағы көгалдандырылып, тұрғындардың серуендеуіне қолайлы жағдай жасалған.
Салтанатты шара барысында Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Ержан Жұмағұлов тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
«Бүгін ауданымызда Балаларды қорғау күні мерекесі аясында осындай қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды ашып жатырмыз. Бұл экологиялық таза ойын алаңдары балалар мен жалпы тұрғындардың демалуы үшін жасалған. Біздің ауданда барлығы 600-ден астам аула бар. Соның ішінде биыл 25-30 ауланы жаңартып, пайдалануға беру жоспарда тұр. Мұның бәрі де тұрғындар игілігі үшін», – деді Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Ержан Жұмағұлов.
Тұрғындар жаңа ауланың қолайлы әрі қауіпсіз екенін атап өтіп, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік жасалғанына ризашылықтарын білдірді.
Шапағат Әбдір



