Былтырғы бюджет қалай атқарылды?

Елорданың 2025 жылға арналған бюджеті қалай атқарылды? Бұл мәселе Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында қаралды. Қала әкімінің орынбасары Евгений Глотов қатысқан жиында тиісті қалалық басқармалардың басшылары мен бас қаланың Тексеру комиссиясының төрағасы Иманжүсіп Ақпомбаев баяндама жасады. Мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Кендебай Адамбек күн тәртібіндегі мәселенің қорытындысын шығарды.
Қалалық Қаржы басқармасының басшысы Алмат Сейітқұловтың мәлімдеуінше, былтырғы бюджеттің 99,3 пайызы игерілді. Бюджеттің 0,7 пайызының игерілмеуі Құрылыс және Коммуналдық шаруашылық басқармаларының орындаған жұмыстарының акті болмауынан, нысандарды қабылдау актілеріне қол қойылмауынан, мемлекеттік сатып алулар бойынша конкурстардың өтпеуінен орын алды.
«Игерілмеген барлық қаражат Астана қаласы бюджетінің қолма-қол ақшаны бақылау есепшотында. Бюджет қаражатының қалдықтары түсім түрінде қалды. Олар өз кезегінде жергілікті бюджетті бірнеше нақтылау кезінде бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне бөлінді» деді Алмат Сейітқұлов.
Астана қаласының Тексеру комиссиясының төрағасы Иманжүсіп Ақпомбаев 2025 жылдың бюджетінің атқарылу есебі мәслихат депутаттарының қатысуымен өткен Тексеру комиссиясының отырыстары мен мәслихаттың тұрақты комиссияларының жиындарында талқыланғанын айта келе, жүйелі түрде кездесетін мәселелерге тоқталды.
Қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айжан Түгелбаева елорданың 5 жылдық даму жоспарын іске асыру өткен жылы аяқталғанын жеткізе келе, сол құжат бойынша 38 мақсатты индикаторлардың орындалуы жоспарланса, соның 24-ті орындалғанын, 12-сі бойынша орындалмағанын, 2-еуі бойынша орындалу әлі сараланып жатқанын айтып өтті. Оның себебі, кейбір салалар бойынша жылдық статистикалық деректер кейін шығады.
Оның айтуынша, жоғарыда аталған жоспарды орындау мерзімінде өңірлік ішкі өнім 33 пайызға өсті. Ал жоспар 29 пайыз болған еді. Өткен жылы елорда экономикасы 11,6 пайызға артты.
Мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Кендебай Адамбек биыл 12 наурызда өткен мәслихаттардың республикалық форумында Мемлекет басшысы депутаттарға бюджетті жоспарлау мен тиімді игеруге ерекше көңіл бөлу керектігін атап өткенін еске салды.
«Осы орайда Астананы одан әрі әлеуметтік дамыту, басқару тиімділігін арттыру және қаржылық тәртіпті нығайтуға қатысты міндеттер шеңберінде мәселені қарадық. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бюджеттің орындалуы 99,3 пайыз болғаны айтылды. Өткен жылға қарағанда кіріс 33,5 пайызға өсті. Бұл нәтиже қаланың салық әлеуеті дамуының оң динамикасын көрсетеді» деді Кендебай Адамбек.
Оның айтуынша, бағаның өсуіне қарай халықты әлеуметтік қолдау, тұрғын үйге қолжетімділікті қамтамасыз ету, қоғамдық көлікті дамыту және жайлы қалалық ортаны құру мәселелері ерекше өзекті болып отыр. Қала бюджеті де соған сай әлеуметтік бағытты сақтайды. Қаражаттың едәуір бөлігі білім беруді, денсаулық сақтауды, халықты әлеуметтік қолдауды, мәдениет пен спортты дамытуға бағытталды.
Сессияны түйіндеген Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов елордада шағын және орта бизнес дамып жатқанын, төленген салық есебінен бюджеттің кіріс бөлігі артқанын, бұл өз кезегінде қосымша шығыстарды жоспарлауға мүмкіндік беріп отырғанын жеткізді. Бұл қаржы әлеуметтік салаға және елорда үшін маңызды ірі жобаларға жұмсалатынын атап өтті. Бюджеттің 99,3 пайызға игерілуі жақсы, ел бойынша ең жоғары көрсеткіштің бірі екенін айта келе, бірлескен жұмыс арқасында бюджетті жоспарлау мен игеру сапасы жыл сайын артып келе жатқанын айтып өтті.



