Басты ақпаратРуханият

Бабадан жеткен сарын

Шамғұл Ыбырайымұлы 1891 жылы Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Жыңғылды – Тұщыбек ауылында дүниеге келді. Шамғұл өзінен бұрынғы Есір, Есбай, Құлшар, Қартбайлардың күйлерін бізге жеткізіп қана қоймай, өз жанынан да біраз күйлер шығарған. Осы мақаламызда Шамғұлдың «Шамғұл ақжелең», «Қолбасы», «Қазақстан» атты күйлеріне талдау жасап көрдік.

«ШАМҒҰЛ АҚЖЕЛЕҢ»

Шамғұл бұл күйді ел арасына атағы шығып, күйшілігі толысқан кезде, орта жасқа келген шағында шығарған секілді. Себебі бұл күй күллі Шамғұл шығармаларының басын біріктіретін музыкалық автопортрет.

Күйдің атына байланысты төмендегідей жағдайларды атап айтуға болады. Қазақтың жыршылық, күйшілік дәстүрінде шығарушы (автор) кей туындыларын өз атымен атайтын салт ежелден қалыптасқан. Мысалы, Қазтуғанның «Қарға бойлы Қазтуған» жыры, Абылдың күйі «Абыл», Дайрабайдың күйі «Дайрабай», «Соқыр Есжан» секілді халықтық шығармалар күйді шығарушының өз аттарымен аталған, тарихта сол аттарымен қалған. Шамғұлдың «Ақжелеңі» де – сондай авторлық күй, терминологиялық сипат тілімен айтсақ, «Музыкалық автопортрет». Яғни, күйші осы шығармасы арқылы өзінің қолтаңбасын қалдырған. Біздің ойымызша, Шамғұл елге аты шыққан күйшілермен сайысқанда, шаршы топта тартысқа түскенде тартатындай өзіндік музыкалық стилін жасаған.

Шамғұлдың «Ақжелеңі» – толғау күй, байырғы музыкалық қайырымдар ізін жоғалтпаған, жаңаша да шабыт қосылған күрделі әрі көлемді күй. Күй мазмұнына келсек, Шамғұл өткен ғасырдың 30жылдарындағы халықтың басына түскен ауыртпашылықты күйге қосады, өзінің «тар жолда тайғақ кешкен» ауыр тағдыры да осы музыкалық суреттемеде төгіліп тұрады. Күй жылдам екпінде орындалмайды, керісінше халықтық жыр сарынымен желдірмелете, термелете орындалады.

Күйдің ХХ ғасырдың басындағы қазақтың аласапыран тарихына тікелей қатысы бар, себебі Шамғұлдың заманында қазақ даласында «Кіші октябрь» қырғыны болды, халық үркіншілікке ұшырады, малынан айрылды. Осы кезеңдегі ел басына түскен ауыртпашылық, кеңес үкіметінің қанды зобалаңы Шамғұл күйінің негізгі өзегі болды десек, қателеспейміз. Ескеретін жағдай мынау, орындаушылық өнер барысында күйдің осы трагедиялық мазмұны ескерілуі керек. Жас күйшілердің көбісі жылдам тартуға құмар, егер осы күйдің ырғағын қасақана жеделдетер болсақ, күй өзінің ішкі трагизмінен айрылып қалады, жалаң тартылады. «Ақжелең» деген сөздің де қасиеті бөлек, себебі қазақ күйлерінің ішіндегі күрделі композицияға құралған туындылардың дені «Ақжелең» деп аталады. «Ақжелең» байырғы күйдің бір жанры секілді. Қазақта «Алпыс екі тамырды иітетін Ақжелең күй» деген ескі сөз қалған. «Шамғұл Ақжелеңінің» ерекшелігі мынада, күйші классикалық Ақжелең жанрында туынды шығара отырып, маңғыстаулық байырғы сарындарды қосып отырады, бұл аймақтық күйшілік мектептің сақталғанын көрсететін фактор саналады.

«ҚОЛБАСЫ» КҮЙІ

Бұл күй жобамен соғыстан кейінгі жылдары шыққан. Негізгі тақырыбы – Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ майдангерлерінің жанкешті ерлігі. 1941-1945 жылдар аралығындағы соғыста Қазақстаннан барған қаншама батырларымыз шейіт болды, қаншасы мүгедек болып елге оралды, күй осы бір ауыр кезеңдегі елдің ахуалын баяндайды. Әрбір қазақ шаңырағынан бір азамат соғыстан қайта оралмады десек те болады. Қазақстанда жасақталған Панфилов дивизиясы Мәскеуді жау шабуылынан аман алып, тарихта аттары қалды. Бұдан бөлек, қазақтың қыздары Мәншүк, Әлия, Хиуаздар да шығыс халықтары арулары арасынан бірінші болып Кеңестер одағының батыры атанды. Күйшінің өз туыстары, әулеттес бауырларынан да майдангер болғандар, тыл ардагерлері көп болды.

Күйдің жалпы тартылу техникасы, қағыстары мен басар пернедегі дыбыс аралықтары (интервал) осындай формада шыққан басқа күйлерге ұқсамайды, мұнда автордың өзіндік ізденісін, жаңашылдыққа ұмтылған сазгерлігін айқын аңғаруға болады. Әсіресе, күйдің сағасына келгенде астыңғы ішектегі бірінші октаваның «фа» нотасы мен үстіңгі ішектегі екінші октаваның «ми» нотасы қатар басылады, яғни, кіші секунда дыбыс аралығы күйге ғажайып бояу береді, осы дыбыс арқылы шығарманың ішкі мазмұнын, контрасттары мен кульминацияға барар буындарын әсерлеп жібереді. Маңғыстау күйлерінде астыңғы және үстіңгі дыбыстардың полифониялық өрнегі көп кездеседі, алайда «Қолбасы» күйіндегі әрекет полифониялық өрнек емес, керісінше тек қана сирек кездесетін секунда арқылы белгілі бір дыбыстық тембр жасайды. Қорыта айтқанда, «Қолбасы» күйі – жаңа заманда шыққан толғаулы туындылардың бірі, орта екпінмен толғау формасында тартылады.

«ҚАЗАҚСТАН»

Отан, туған жер тақырыбына патриоттық сезіммен шыққан салтанатты күй. Негізгі формасы – жыр үлгісінде. Шамғұл күйші – өте зерделі, ойлы композитор. Мысалы, осы күйде Еуропадағы «сөзі жоқ ән» (песня без слов) деген аспаптық шығармалар мәдениетіндегі үлгіге ұқсас форманы қазақ күйінен тапқандай әсер береді. Мұнда да халықтық нақыштағы жыр-терме дәстүрімен шыққан, бірақ «сөзі жария болмайтын» жыр-күй туындаған. Жалпы, Шамғұлдың сазгерлік қолтаңбасында Маңғыстаудың дәстүрлі күй мектебіне тән техникалық тәсілдер көп болғанымен, оның авторлық көзқарасында жаңашылдық көп. Сонымен қатар оның патриоттық тақырыпта күй шығарған өз кезеңіндегі басқа композиторлардан жеке дара бөлек тұратындай тұлғалылығы да бар. Ол осы күйінде кеңес заманындағы үйреншікті марш екпінді интонацияларға жоламайды, керісінше халықтық сарындағы дәстүрге берік болады. Нәтижесінде нағыз қазақы сарынды, жаңа тұрмысқа, жаңа заманға лайық келетін дәстүрлі жыр күй шығарған.

Сөз соңында айтпағымыз мынау, Шамғұл күйлері ХХ ғасырдағы домбырашылық өнеріміздің тамаша үлгісі, оның күйінде кездесетін ұтымды қайырымдар, сезімді селт еткізетін музыкалық буындар қазақ күйінің жаңа замандағы үнін байыта алады, сонымен қатар ата-бабадан келе жатқан сарын сүрлеуін ұмытпауды өсиет ететіндей. Шамғұл күйлерін теориялық яки орындаушылық тұрғыда зерттеу жұмыстары әлі толық жүрді деп айта алмаймыз, күйші мұрасының кешенді зерттелуі ғылымның бір абыройлы міндеті болары сөзсіз.

Жұмабек БОРАНБАЙҰЛЫ,

К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button