Өзін дамыта ма, бала оқыта ма?
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде «мұғалімдерге ККСОН, SCOPUS, диссертация жазып береміз» деген мазмұндағы жарнамалардың күрт көбеюі байқалады. Бұл құбылыстың кездейсоқ емес екені анық. Сарапшылардың пікірінше, мұндай үрдіске педагогтарды аттестаттау жүйесіне енгізілгелі жатқан өзгерістердің қоғамда кеңінен талқылануы түрткі болып отыр.
Алда болатын өзгерісте педагогтар үшін бірқатар жеңілдік қарастырылғанымен, кәсіби талаптардың күшейетіні айқын аңғарылады. Әсіресе «педагог-зерттеуші», «педагог-шебер» сияқты жоғары біліктілік санаттарына қол жеткізу тетіктерінің күрделене түсу мүмкіндігі педагогика қауымдастығы арасында алаңдаушылық туғызуда.
Қоғамда жүріп жатқан талқылауларға назар салсақ, бұл педагогты нақты кәсіби нәтижесінен гөрі формальды көрсеткіштерге тәуелді етіп тастамай ма деген ойға жетелейді. Яғни педагогтың шынайы педагогикалық шеберлігі мен оқыту сапасынан гөрі портфолио көлемі, құжат саны және сыртқы көрсеткіштер маңыздырақ болып кетуі ықтимал. Сонымен қатар жоғары біліктілік санаттарына үміткер педагогтарға олимпиадаларға қатысу, ғылыми жобалар жүргізу, зерттеу қызметімен айналысу сияқты талаптардың қойылуы – кәсіби дамуды ынталандыратын құрал ретінде қарастырылғанымен, тәжірибеде бұл талаптардың орындалуы біркелкі емес. Қоғамда ККСОН немесе SCOPUS деңгейіндегі ғылыми жарияланымдарға қатысты талаптардың болуы мүмкін деген пікірлердің таралуы да осы алаңдаушылықты күшейте түсуде. Бұл мәселе әсіресе өңірлік теңсіздік тұрғысынан өзекті. Ауылдық жерлердегі педагогтардың ғылыми инфрақұрылымға, академиялық ортаға және кәсіби қолдауға қолжетімділігі шектеулі екені белгілі. Мұндай жағдайда барлық педагогқа бірдей талап қою мүмкін бе?
Жалпы мұғалімдерге қойылатын талаптардың күшеюі – заңды әрі қажетті үрдіс. Білім сапасы оның кәсіби деңгейімен тікелей байланысты. Алайда бұл жерде маңызды сұрақ туындайды: жалпы орта білім беру жүйесіндегі мұғалімнің негізгі миссиясы қандай болуы тиіс? Ол, ең алдымен, оқушыға сапалы білім мен тәрбие беру ме, әлде ғылыми зерттеулер жүргізіп, академиялық жарияланымдармен айналысып, өз дәрежесін көтеру ме?
Қазір жоғары оқу орындарының өзінде ғылыми мақала жариялау айтарлықтай күрделі үдеріс болып отыр. Тіпті ғылыми дәрежесі бар мамандардың өзі халықаралық деңгейдегі жарияланымдарға қол жеткізуде елеулі қиындықтарға тап болуда. Осындай жағдайда мектеп мұғалімдеріне ғылыми жарияланымдарға бағытталған талаптардың жанама түрде жүктелуі олардың негізгі кәсіби қызметіне кері әсер етуі ықтимал. Нәтижесінде педагогтар өз уақытын білім сапасын арттыруға, оқушылармен жұмысқа емес, формальды көрсеткіштерді орындауға, құжат жинауға және жалақыны арттыруға бағытталған біліктілік рәсімдеріне жұмсауы мүмкін. Бұл – білім беру жүйесінің түпкі мақсатына қайшы келетін үрдіс. Осыған байланысты педагогтарды аттестаттау жүйесін жетілдіру барысында теңгерімді тәсіл қажет. Бір жағынан мұғалімнің кәсіби дамуын ынталандыру маңызды болса, екінші жағынан оны артық әкімшілік және формальды жүктемеден қорғау да назардан тыс қалмауы тиіс.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ



